Жаңа форматтағы жұмыспен қамту орталығы ашылды

679

Бүгін «Нұрсәт» шағынауданында орталықтандырылған жұмыспен қамту орталығы ашылды. Бұл мегаполистегі ең үлкен орталық болып саналады. Мұнда «Жұмыспен қамту және әлеуметтік қызмет түрлерін бір терезе қағидасы» бойынша қызмет көрсету үшін халықты жұмыспен қамту орталығы, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, кәсіпкерлік бөлімі, «Азаматтарға арналған Үкімет» корпорациясының күнгейлік филиалы біріктірілген. Тұрғындар қаланың әртарабына сабылмай барлық қызмет түрлерін осында алуына мүмкіндік бар.

Айсұлтан Шыналиев осында келіп қызметке тұрғанына көп уақыт бола қоймапты. Жігері мықты. Өмірге құштар. Орталыққа келіп жұмыс істеуге деген ниеті барын байқаған соң басшылық оны тұрақты жұмысқа алған. «Істеймін деген адамға жұмыс табылады ғой» дейді рухы биік жан.

Айсұлтан Шыналиев, қызмет көрсетуші: «Қоғамдық негізде жұмыс атқарамын. Ресепшнде отырамын. Келген адамдарға кеңес беремін. Мамандарға бағыттаймын. Келген адамдарға жұмыс ұсынамын. Нешетүрлі сұрақтармен келеді. Соларға барынша көмек қолын созамын. Құжаттарын толтыруға көмектесемін».

Жұмыспен қамту орталығында бір мезетте АХАТ саласы бойынша 10 қызмет, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмыс жүргізу бойынша 8 қызмет түрі электронды түрде көрсетіледі. Пилоттық жоба да қолға алынған.

Гүлжан Құрманбекова, қала әкімінің орынбасары: «Ғаламтормен жұмыс істеу үшін мұғалімдерді үйретіп жатырмыз. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар бұрын қоларба, памперсті келіп алатын болса, енді курьерлік қызмет арқылы үйлеріне жеткізіп беретін боламыз. Бәрі электронды түрде жүзеге асырылады».

Мұнда цифрлы кабинет қызмет көрсетеді. Үйде отырып-ақ бос жұмыс орындарымен таныса алады. «Еңбек.кз» порталында 186 ірі мекеме тіркелген. Электронды жолдаманы онлайн жүйесімен 391 адам алып, жұмысқа жолданған. Яғни, жұмыссыздарға екі қолға бір күрек табуына көмектеседі.

Халықты жұмыспен қамту орталығының негізгі мақсаты «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» шеңберінде қаладағы жұмыссыз және аз қамтылған отбасылар, жазасын өтеген адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды тұрақты жұмыспен қамту мақсатында әлеуметтік қолдауға бағытталған. Орталық толығымен цифрлық форматта жұмыс істейді.