Мақтарал ауданындағы Жаңажол ауылдық округіне қарасты Жеңіс елді мекенінде Сейдақов Есенгелді атындағы спорт алаңының ашылу салтанаты болып өтті, деп хабарлайды Мақтарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
Сөз кезегін алған Жаңажол ауылдық округінің әкімі Мұқан Байымбетов Сейдақовтар әулетіне әкімшілік тарапынан ризашылығын айтып, Елбасымыздың «Туған жер» бағдарламасы аясында кәсіпкерлердің демеушлігімен округте көптеген нысандар ашылғандығын атап өтті. Сондай-ақ, нысанның ашылуна орай футболдан өткен жарыстың жеңімпаздарын марапаттады.
Айта кетейік, спорт алаңына есімі берілген Сейдақов Есенгелді Мұстапаұлы 1945 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданында дүниеге келген. 1953 жылы осы аудан-дағы Қ.Қайсенов мектебінің 1-сыныбына барып, 1963 жылы қазіргі Ж.Нұрлыбаев ауылында Ы.Алтынсарин мектебін тәмамдады.
Алматының зооветеринарлық институтын бітіріп, 1973 жылы Мақтаарал ауданының Мақтаарал савхозына мал дәрігері болып еңбек жолын бастайды. 1986 жылдан бастап 19 жыл бойы қаракөл қойын өсіруден үздік болған Жеңіс савхозында бас мал дәрігері болып қызмет етеді. Ол өзінің жұмыс ортасында ерекше ұстанымы мен талабы бар білікті маман бола білген. Мәселен, Есенгелді Мұстапаұлының тұсында Жеңіс савхозындағы қаракөл қой шаруашылығы — еліміздің қой шаруашылығында алтынға пара пар болған елтіріні өндіруде алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың қатарында болған.