Қалдықтарды қайта өңдеу зауытының рұқсат құжаттары жоқ боп шықты

419

Облыс прокуратурасы қатты-тұрмыстық қалдықтарды жинау, шығару және көму бойынша қызметті ұйымдастыру заңдылығына тексеру жүргізді. Нәтижесінде, жергілікті атқарушы органдардың қатты-тұрмыстық қалдықтармен жұмыс істеудің барысында заң бұзушылықтарға жол берілетіндігі анықталды.


Атап айтқанда, тексеру барысында 28 заңсыз қатты-тұрмыстық қалдықтарды сақтау орындары анықталды. Шымкент қаласы бойынша заңсыз қалдықтарды сақтау орындарында 51 мың тоннадан астам қоқыстың орналастырылғандығы белгілі болды.

Салдарынан қоршаған ортаға 2 млрд. теңге көлемінде залал келтірілген. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы орган қатты-тұрмыстық қалдықтарды жинау, алып кету және орналастыруға қатысты тарифтерді бекітпеген.

Одан басқа, қалдықтарды қайта өңдеу зауытының қызметіне рұқсат құжаттары болмай шыққан. Нәтижесінде аталған зауыттың қызметі тоқтатылды. Барлық қатты-тұрмыстық қалдықтарды сақтау нысандарының қызметтерінде экологиялық және санитарлық талаптардың сақталмауы орын алып, бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылуы анықталды.

Прокурорлармен қолданылған шаралардың нәтижесінде 53 тұлға түрлі жауапкершілікке тартылды, 3 млн. теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Тексерудің нәтижесінде облыс әкімінің атына заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыну енгізілді, құзырлы органдарға бұл саладағы жағдайды жақсарту үшін бірқатар нақты тапсырмалар берілді.

Жанар Есенбекова