Ақпарат дәуірінде — дәстүрлі басылым қоғамнан қалыс қалмайды. Дамыған 30 ел арасында, тіпті озық мемлекет — Жапонияның өзінде газет-жорналдар әлі күнге қолдан түспей, тиісінше күн санап үлкен сұранысқа ие болып жатыр. Бұл — әлеуметтік желідегі блог-ақпараттың уақытша дем екенін екшейді.

Маңызды мәселе қазақ бұқаралық ақпарат құралдарында қолтаңбасы бар жорналшылармен өткен кезекті жиында көтерілді. Қазақ журналистикасының көрнекті өкілдері — Нұртөре Жүсіп, Шәмшиддин Пәттеев, Жанарбек Әшімжан күнгейге арнайы бұрылып, жергілікті әріптестеріне қазіргі қоғамдағы төртінші билік өкілдерінің орнын, жиі кездесетін келелі проблемалардың қаупін қаузады.

Өздерін «блогерге» теңейтін бірқатар жеке тараптардың да кәсіби сауат-білімінің төмендігін талқылады. Желіде заңсыз жазбаға жол беретіндерге тағайындалатын жаза да жиыннан шет қалмады. Сондай-ақ, аға буын жорналшылар жоғарғы оқу орындарындағы журналистика факультетінің жабылуын құптаған қоғам белсенділеріне жауап қатуды да ұмытқан жоқ.

Нұртөре Жүсіп, «Айқын» газетінің бас редакторы: «Қазір республикалық, облыстық телеарна мен газеттерде кәсіби білімі жоқ тілшілер қауымы қаптап жүр. Бұл — журналистердің нанын басқа саланың өкілдері жеп жүр деген сөз. Осы пікір мен дәлелге жүгінген қоғам белсенділері Ел аумағындағы университеттердегі арнайы оқылатын журналистика факультетін жапқанды жөн көреді. «Пайдасы жоқ» деп есептейді. Бірақ мен бұл ұсынысты құп көрмеймін. Газет пен жорналдар, өзге де телеарналарда жоғары білімді, сауатты сала мамандарының жүгенді жұмыс атқарғанына не жетсін?! Мәселен, мен де журналистика факультетінің түлегімін».

Мөлдір Бекеева