Шымкентте ҰБТ-2018 қорытындыланды

299

Шымкент қаласында ҰБТ аяқталды. Ал Түркістан облысы мен Республика көлемінде әлі де жалғасып жатыр. Сонымен Шымкентте тестілеу қалай өтті, республика көлемінде қандай қызықтар болды?

637 түлек шекті ұпайды жинай алмады
2017-2018 оқу жылында Шымкент қаласы бойынша 121 жалпы орта білім беретін мектепде 11-сыныпты 7987 оқушы бітірді. Оның 5424-і қазақ, 1422-сі орыс, 1141-і өзбек сыныптарының бітірушілері. 287 бітіруші «Алтын белгі», 203 бітіруші «Үздік аттестат» иегері.
121 мектептің арасынан 114 мектептің 5446 бітірушісі ҰБТ тапсыруға өтініш білдірген. 4425 оқушы — қазақ, 1015-сі орыс және 6 оқушы ағылшын тілінде тест тапсырды. 2031 оқушы ЖОО-ына түспейтіні себепті ҰБТ-ға қатысудан бас тартса, 510 оқушы шетелдік жоғары оқу орындарына түсуге бел буған.
Шымкент қаласында тестілеу 5 ҰБТ өткізу пункттерінде 20-23 маусым аралығында 2 лекте өтті. Нәтижесінде, өтініш білдірген 5446 түлектің 5419-ы тестілеуге қатысып, тапсырды. Орта балл көрсеткіші қала бойынша 83,6%-ды құрады. 1597 оқушы 100 ұпайдан жоғары жинаса, 637 оқушы шектік ұпай жинай алмады. ҰБТ-ның алғашқы күні республика бойынша ең жоғары ұпай 137 болды. Оны Шымкент қаласы О. Жолдасбеков атындағы №9 мектеп лицейдің бітіруші түлегі Сухраб Камалов жинады.
Айта кетсек, биыл республика бойынша 102 447 түлек ҰБТ-ға қатысуға өтініш берген. Оның ішінде 77 223 оқушы қазақ тілінде, яғни 75,4%-і, 25 178 түлек – орыс тілінде, 24,6%, 46-сы ағылшын тілінде тапсыруға ниетті.
Биыл ЖОО-на түсу үшін бағаның ең төменгі шегі өзгеріссіз – 50 балл деңгейінде қалды. Бірақ, Ұлттық университеттерге түсу баллының ең төменгі шегі – 65 баллды құрайды.

Үш рет қайта тапсыруға болады
Шекті ұпай жинай алмаған түлектер Ұлттық бірыңғай тестілеуді биыл тамызда қайта тапсыра алады. Екінші рет тестілеуден өте алмай қалса, онда қыркүйекте жоғары оқу орнына бір семестрге ақылы түрде түсуіне мүмкіндігі бар. Онда оқу жылының жартысын оқып, келесі жылдың қаңтарында қайтадан тест тапсыруы тиіс. Тіпті үшінші сынақтан да өте алмаған жағдайда келесі жылы кешенді тестілеуге қатыса алады.

140 ұпайды жинаған Шиара
Биыл ҰБТ он бесінші рет өткізіліп отыр. Айтулы датаға орай ҚР Білім және Ғылым министрлігі, Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов ҰБТ-да бірінші болып 140 балл жинаған түлекке iPhone сыйлауға уәде берген еді. Сол сыйлықтың иесі анықталды. Себебі,алматылық түлек Шиара Құдайбергенова ҰБТ-ның төртінші күні, яғни 25 маусымда 140 балл жинады. Шиара Әбдірахымқызы — Алматы қаласы 123 мектеп-гимназиясының түлегі.

ҰБТ-ға 10 телефонмен кірген
ҰБТ-ның алғашқы күндері тек сандармен емес, ерекше оқиғалармен де есте қалды. Атап айтқанда, Астанадағы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-де ҰБТ тапсыру барысында түлектердің бірі 10 ұялы телефонмен ұсталды. Алайда оның жауабы қабылданды. Өйткені, Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұловтың айтуынша, телефондар оқушыдан тест тапсыру барысында емес, оған дейін анықталып, тәркіленді. «Мұндай жағдайда оқушының жауабы жойылмайды», — деді ол. Сондай-ақ орталық басшысы тестілеу барысында анықталған ерекше шпаргалка жайлы айтты.
ҰБТ тапсыруға кірген түлектердің бірі химия пәнінің формуласын минерал су құтысының қағаз жапсырмасына жазып алып кірген. Формулаларды ол су құрамы жазылған мәтіннің арасына жасырған. Ал Қазақстан бойынша 2 түлек дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Бірі Алматыда, екіншісі ОҚО, Сарыағаш ауданында орын алған. Алғашқысы, Мемлекетік комиссияның шешімімен ҰБТ-ны келесі топпен тапсырады. Ал екінші бала медициналық қызметкерлердің көмегінен соң жарты сағаттан кейін есін жиып, ҰБТ-ны жалғастыруға бел буған.
Облыстық білім басқарамасының хабарлауын-ша, Түркістан облысындағы тестілеудң жалпы қорытындысы 2 шілде күні белгілі болады. Енді тестілеуден өткен түлектер білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысады. Конкурс мерзімі әлі нақтыланбады.

Әлия ӘДІЛБЕК

«Оңтүстік Рабат» газеті

№26, 27 МАУСЫМ 2018 ж.