Қошқар ата өзені жағалауы қоқыс алаңына айналып барады

517

Қошқар ата өзені — аптапта сая болатын мекен. Келушілердің көптігінен аяқ алып жүру мүмкін емес. Оларға жасалған жағдай жақсы, бірақ, жаны ашып жатқандарын кезіктіру қиын.

Мемлекеттің мүлкін бүлдіргендер өзен жағалауын жын ойнаққа айналдыратындар да көптеп кездеседі. Оған ауласынан өзен өтетін үйлерді тағы қосыңыз. Қазір жергілікті билік шаһардың символына айналған аумақты көріктендіріп әлек! Жағалауды ұзартып, жаяу жүргінші жолағын төсеп жатыр. Көркейген аумақ күндіз жағалауға, кешке сауық құратын орынға айналғаны рас па?

Қаланың қақ ортасын жарып өтетін өзен. Суы да жанға дауа. Сондықтан болар, жылдың қай мезгілінде болмасын, деніне саулық іздегендер үзілмейді. Алайда сол демалушылардың өзі саулығына салғырт қарайтындай. Өйткені жуырда ғана жаңғырту жұмыстары жүргізілген бұлақ басынан бастап, өзен жағалауы қоқыстан көз ашпайды. Мұны сол жерді 24 сағат бойы тазалайтын мекеме жұмысшылары растап отыр.

Қошқар ата өзеніне шомылушылар үшін саудагерлер барлық жағдайды жасап отыр. Ішетін суынан бастап, ас-ауқат және балаларға қажетті ойыншықтардың түр-түрі сатылады. Бірақ мемлекет ерекше қорғайтын аумақта сауда жасауға тиым салынған. Қағаз жүзінде бекітілген ережені сақтап жатқан ешкімді көрмедік.

Аймақта оннан аса полицей кезекшілік етеді. Олар демалу орнының ережесін ескермегендермен күресіп-ақ келеді. Олардың күнделікті жұмысымен жақынырақ танысқымыз келіп жақындап едік, жақтырмады.

Айта өтейік, өзен жағалауы заманға сай жаңаланып жатыр. Жаяу жүргіншілер жолы 10 метрге дейін созылып, абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Биыл Ескі қалашық аумағынан бастап Ә. Жангелдин көшесіне дейін 96 ғимарат сүрілген. Оның 21-і тұрғын үй болса, қалғандары әр түрлі нысандар. Қазір бұзылған ғимараттың орнында абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетейік, «Қошқар ата» өзені Әл Фараби ауданы әкімшілігіне қарайды. Аудан әкімі Ғабит Патшаханұлы сүрілетін үйлердің жағдайын бес саусақтай біледі. Сондықтан мемлекет меншігіне алынатын үйлердің тұрғындары далада қалмайды деп уәде берді.

Қазіргі таңда Қошқар ата өзенінің бойын көркейту шараларының екінші кезеңі атқарылып жатыр. Яғни, әлі мемлекет мұқтаждығына алынады деген тұрғын үйлер көп. Бірақ қашан сүрілетіні белгісіз. Қолды қаржы байлап тұр. Сондықтан болар, жайраған аулалар аумақтың көркін қашырып тұрғаны. Ал аптапта сая іздегендер өзенді жағалаумен жазды өткізері анық. Не де болса, тазалықты өзіңізден бастап, күні түні тәртіп сақтау міндетіңіз!

Лаура Нақыпқызы