16 млн. теңге несие алып бермек болыпты…

Шымкент қаласында полицейлер несие шығарып беремін деп алаяқтықпен айналысқан азаматшаны ұстады. Шымкент ҚІІБ Әл-Фараби ПБ-нің кезекші бөліміне бірнеше жергілікті тұрғындар арызданып, онда бейтаныс азаматша несие шығарып беремін деп алаяқтық жолмен ақшаларын алып кеткенін көрсеткен.

Жәбірленушілердің бірі арызданғандай, алаяқ өзіне ауылшаруашылық мекемесінен 6 пайызбен кепілсіз 16 млн. теңге несие шығарып беремін деп, қолма-қол 250 мың теңгесін алып, алдап кеткен.

Жедел-іздестіру іс-шараларының барысында Әл Фараби ПБ-нің қызметкерлері күдікті ретінде жұмыссыз жүрген Астана қаласының тұрғынын анықтап, ұстады. Тергеу барысында ұсталған күдіктінің алаяқтықтың 5 жайтына қатысы бары анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығынның көлемі 2 миллион теңгеден астам болып отыр. Аталған жайт бойынша алаяқтық бабымен полицейлер сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізуде.