Алаяқтың құрбаны

694

Алаяқтардың арбауына түсіп, сан соғып қалып жатқандар туралы күніне жүздеген хабар есітіп жүрсе де қақпанға өзі барып түсетіндерге таңданбасқа шара жоқ. Сарыағаш ауданына қарасты Абай ауылындағы балабақшаға жұмысқа тұрғызып беремін деген алаяқ құрбанын сан соқтырып кетті.

Жұмыссыздықтан ертерек құтылғысы келген сол ауылдың тұрғыны бейтаныс жарылқаушысына 400 мың теңгені ойланбастан санап берген. Ақыр аяғында берген ақша да жоқ, жұмыс та жоқ екенін бағамдаған соң ғана полицияға арыздануға мәжбүр болған. Алаяқ көп ұзамай қолға түсті.

Оған қатысты сот отырысы жабық жағдайда өтті. Ауылдық әкімшілікте өткен сотта №2 Сарыағаш аудандық соты алаяқтық бабы бойынша іс қозғап, жәбірленушіге 310 мың теңге өндіру туралы шартпен қоса 1 жыл бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Оңай жерден олжа таппақ болған алаяқ құрбанына 90 мың теңгесін ғана қайтарған. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.