Алтын төбе ауылының тұрғындарына биыл да табиғи газ берілмеуі мүмкін

846

Қазығұрттағы Алтынтөбе ауыл округіне қарасты ауылдар көгілдір отынмен қамтылмай отыр. Себеп, енді сығымдау жұмыстарына 1 млн. теңге қажет. Бастапқыда жобалық сметалық құжат тыңғылықты жасалмағандықтан, мердігер компания шығынға белшесінен батқан. Олқылықтардың салдарынан қарапайым халық ауылына тартылған құбырдан осы күнге дейін көгілдір отынға қол жеткізе алмай келеді.

Нұротандықтар елді мекендерді газдандыру мәселесін талқылауда

Сақалды құрылысқа айналған газ тарту  жұмыстарының тоқтап тұрғанына 4 жыл толды. Ел қазынасынан бөлінген қыруар қаржыны жұмсаған мердігер «Спец Тех-1» серіктестігі жобалық-сметалық құжаттан ауытқымай жұмыс жүргізді.  Алайда басты құжатқа енбеген тұстар да жетерлік.

Қысымды газ құбырының 1,44 шақырым бөлігі жобада болмауына байланысты, табиғи газға қосуға мүмкіндік болмаған. 2015 жылы жобалық сметалық құжат әзірленіп, 2016-2017 жылдары құрылыс жұмыстары жүргізілген. Нұротандықтардың араласуымен биыл жұмыс ілгерілеген болатын, алайда тағы бір шикілік шығыпты.

Бауыржан Қуанышбеков,»Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары

Бауыржан  Қуанышбеков , «Нұр Отан» партиясының облыстық  филиалы төрағасының орынбасары: «Сығымдау жұмысына 1 млн. теңге қажет деп неге айтпайсыңдар? Оны да  мердігердің мойнына іліп қоймақсыңдар ма? Жылдың соңында газға қосамыз дегендерің қайда? Міндеттеріңізді неге орындамайсыңдар?».

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасындағылар нысанның басында жиын да өткізген. Мамыр айында қосуға уәде берген болатын. Мердігер кепілдік мерзіміне байланысты ақауларды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген. Газ жүйелері ұзақ мерзім пайдаланылмағандықтан газ құбырында ақаулар пайда болғаны да жасырын емес.

Бақытжан Полатбеков, облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашалығы басқармасы басшысының орынбасары

Бақытжан Полатбеков, облыстық энергетика және  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары: «Ия, газ таратушылар   елдімекендерді газға қосу үшін атқарылатын жұмысқа кететін қаржыны есептепті. Сығымдау жұмыстарына 1 млн. теңге қажет. Енді жобалық-сметалық құжатқа  толықтырулар енгізу қажет. Біз сонымен айналысып жатырмыз».

Алтынтөбе ауыл округі бойынша мыңнан астам тұрғын үйлер табиғи газға қосылатын болса, Қазығұрт ауданы бойынша табиғи газбен қамтылған елдімекен саны 39-ға жетіп, 61 пайызды құрайды дейді сала мамандары. Ал әзірге, керек қаржының бөлінуін тағы күтуге тура келіп тұр.