Астық түсімінің аз болуына тозған техника себеп

178

Биыл астық түсімі аз болады деп болжанып отыр. Оған тозығы жеткен техника себеп. Бүгін Түркістан облысында ауылшаруашылығы саласында атқарылған 6 айдағы жұмыстарды қорытып, тілшілер алдында есеп берген басқарма басшысы осылай деді. Соған қарамастан барлық бағытта өсім бар деп сендірген Серік Тұрбеков шаруалар қолын байлаған түйткілдерді де ашып айтты.

Қазір өңірде астық ору науқаны қыз-қыз қайнап жатыр. Алайда түсім жылдағыдай емес. Шөлейт жерлерге егілген бидайдан гектарына небәрі 10-15 центнерден өнім жиналуда. Ендігі үміт-таулы аудандарда. Басқарма басшысы астық түсімінің аздығына күн райы ғана емес, жарамсыз техника да себеп екенін жасырмады. Еуропа елдерін мысалға алған ол күнгейде жыл сайын астық оруда қолданылатын құрылғылардың небәрі 6 пайызы ғана жаңартылады дейді.

Серік Тұрбеков, Түркістан облысы ауылшаруашылығы басқармасының басшысы: «Еуропа елдерінде техникалар жылда толық жаңартылады. Бізде оған мүмкіндігіміз жоқ. Жаңа технологияларды тиімді падалана алмай отырғанымыздан осындай жағдай болып отыр».

Саланың жетістіктері мен шаруаларға кесе көлденең кесірін тигізіп отырған аз-кем проблемаларға да тоқталған Тұрбеков мырза межелі мерзімде мардымды іс тындырылып жатқанына сендірді. Тек дақылдарды суару кезінде дихандарға қажетті су жеткізіп берілсе деңіз. Бұл мәселе қазір еларалық деңгейде шешілуде.

Айта кетейік, ағын судан жиі тапшылық көретін Мақтаарал ауданына қазір Достық каналынан небәрі 950 млн. текше метр су келіп жатыр. Мемлекетаралық келісім бойынша су деңгейі бұдан жоғары болуы тиіс екен.

Дегенмен, биыл күнгей шаруалары жарап тұр. Өңірде өндірілген жалпы өнім көлемі 146 млрд. теңгеден астам қаражатты құрап, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 25 млрд. теңгеге артыпты. Жылдық жоспар асыра орындалған! Республикада өнім көлемі бойынша облыс үлесі 14,6 пайызды құрап, 2 орынды иеленіп отыр.

Мақпал Рысбаева