Шымкентте полицейлер автобөлшектерді сататын ірі базарды қоршауға алды. Таң сәріден сауда орнының алдына жиналған 200-ге жуық тәртіп сақшысы, жұрттың зәресін ұшырды. Сөйтсек, бұл алдын ала жоспарланған профилактикалық шара екен. Белгілі болғандай, ұрлқы автобөлшектерді сатуға жол жоқ екенін түсіндіру, әрі әр бөлшектің сертификатын түгелдеу шарасы болып шықты.
Базардың қақпасын тас қылып жауып алған полицейлер 174 сату нүктесін тексеріп, сатылымдағы әрбір бөлшектердің құжаттарын түгендеді. Базар сатушыларына ұрлықы затты сатып алу, заңмен қудаланатынын түсіндірді.
Саудагерлердің айтуынша, шетелден келетін ұсталған бөлшектерге ешқандай құжат берілмейді. Тауарларының түбіртегі жоқ екенін айтқандар, ұрлықы бөлшек алмайтынын, мүлдем сатпайтынын айтып ақталды. Алматыдағы ірі базарлардан басталған профилактикалық іс шара шымкенттіктерге де жетті. Тым қаталдық танытты ма, әйтеуір автокөлік бөлшектерін сататын 63 азамат полицияға жеткізілді. Ішкі істер органдарында олардың жеке басын анықтау жұмыстары жүргізілді.
Руслан Арыстанбаев. Абай ауданы бойынша жергілікті полиция қызметінің бастығы: «Бұл шаралар қала аумағында кең көлемде жүргізіліп жатқан «Қауіпсіз қала» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында қолға алынып отыр. Сатушыларға қатысты «Қылмыс пен құқықбұзушылық жасауға әсер ететін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі шаралар қабылдау» және ҚР ҚК-нің 196-бабын басшылыққа ала отырып, «қылмыстылық жолдармен алынғанын біле тұра, мүлікті сатып алу» туралы ескертпе түріндегі 287 үндеу парақтары таратылды».
Іс шараның мақсаты ұрлықы автокөлік құралдарын анықтау екенін қайта-қайта ескерткен тәртіп сақшылары бұл жұмыс жалғасатынын жеткізді. Бұл жолы әрбір көлік құралы заңды жолмен келгенін дәлелдейтін құжатын сұраумен шектелді. Барлық сатушыларға ұрлықы авто бөлшекті сатып алу қылмыстық жауапкершілікпен аяқталатын жазбаша ескертті.
Ернар Балабеков