Қазығұрт ауданына жұмыс сапарымен барған Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаев ауданның тыныс-тіршілігімен танысып, бірқатар кәсіпкерлік және шаруа қожалықтың жұмысын аралап көрді, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ең алдымен өңір басшысы мал бордақылаумен және ет өнімдерін өндіретін «Қарқын» — 2030 ЖШС-нің жұмысымен танысты. 2009 жылы құрылған серіктестіктің меншігінде 250 гектар жер бар. 800 бас мал бордақылауға шақталған нысанда бүгінде 400 бас ірі қара байлануда. Цехта тәулігіне 5 тонна 12 түрлі шұжық өндіріледі. Дайын өнім елімізден бөлек, Ресейге де жөнелтілген. Онда 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, 50 адам маусымдық жұмыспен айналысады. Өткен жылы серіктестік 2 млрд. 955 млн. теңгенің өнімін өндірген. Соның есебінен 167 млн. 218 мың теңге салық түскен.
Серіктестіктің жұмысына қаныққан облыс әкімі осы жылдың бес айында өңір бойынша 90 мың тоннадан астам ет өндірілгенін айтып, оның ішінде 8 мың тоннаға жуығы Қазығұрт ауданына тиесілі екенін жеткізді. Бұл мал шаруашылығын дамытуға қолайлы аймақ үшін аз көрсеткіш екенін тілге тиек етіп, осы бағыттағы жұмыстарды дамытуды аудан басшысына тапсырды.
Сапар соңында БАҚ өкілдеріне берген сұқбатында облыс әкімі ауданда егін және мал шаруашылығы дамығанын айтып, бүгінде ауданда қарқынды бау көлемі артып келе жатқанына және халыққа қажетті коммуналдық мәселелерде шешім тауып келе жатқанына тоқталды.
«Қазығұрт ауданында жалпы қарқынды бау көлемі 242 гектар болса, биылдың өзінде 80 гектар жерге егілді. Жылыжайлардың өзі бір ауданда 117 гектар, ал биыл 30 гектар қосылып отыр. Ал аудандағы 28 мың гектар жерге егілген бидай мен арпаның орташа түсімділігі гектарына 23-25 центнерді құрайды деп күтілуде. Бұл да ауданның қазіргі жағдайының жақсарғандығын аңғартады. Бұдан бөлек, аудандағы 8 елді мекенде газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Яғни, қазығұрттық 1800 отбасы биыл көгілдір отынға қол жеткізбек. Газдандыруды алдағы жылдары 95 пайызға жеткізу жоспарлануда. Ол үшін тиісті жұмыстар жасалуда. Су мәселесінде де Қазығұрт алдыңғы қатарда, жалпы ауыз сумен қамтамасыз ету 88 пайызды құрайды. Осы жылдың өзінде 9 елді мекенді таза ауыз сумен қамту жұмыстары қолға алынды. Осындай халыққа қажетті жол, су, газ мәселелердің барлығы ауданда тиісті деңгейде шешіліп келеді»,-деді Ж.Түймебаев.