Балаңызды балабақшаға сайтта тіркеңіз!

973

Баласын балабақша кезегіне қойған ата-ананың құлағына алтын сырға. Енді кезек нөміріне қарамастан, балаңызды мектепке дейінгі білім беру мекемесіне орналастыра аласыз. Бұл үшін интернет болса, болғаны. Шілде айынан бастап қаладағы балабақшаларда бос орындар көбейеді. Әсіресе, кіші және орта топтарда. Себебі, айтпаса да түсінікті. Жоғары топтағылар мектепке кетеді. Сонымен біраз орын босайды. Осыны ескерген білім бөліміндегілер кезекте тұрған ата-аналарды электронды жолдама алуға шақырады.


Шымкент қалалық білім бөлімінің бас маманы Насихат Байзақованың айтуынша, бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша 39 722 бала балабақша кезегінде тұр. Олардың 15 мыңнан астамы 3-6 жас аралығындағылар.
— Қалада 459 балабақша бар. Олардың 457-сі электронды кезек жүйесімен қызмет көрсетеді. Бұл — бізде кезекте тұрған ата-аналар интернеттің көмегімен үйден не жұмыстан шықпай-ақ, балабақшаға жолдама ала алады деген сөз. Яғни бұрынғыдай халыққа қызмет көрсету орталығына да білім бөліміне де келудің қажеті жоқ. Тек «garden.shymkent.edu.kz сайтына кіресіз,-дейді маман.
Жолдама алу үшін ЭЦҚ да сұрамайды. Терезеде көрсетілген мәзір қатарынан өзіңізге керегін таңдайсыз. Біздің жағдайда «кезекті тексеру және жолдама беру» батырмасын таңдаңыз. Ашылған терезеге баланың ЖСН нөмірін енгізу керек. 12 таңбалық сан енгізілген соң дерекқордан бала туралы мағлұмат шығады. Төменгі жағында балабақшалардың тізімі мен бос орындар туралы мағлұмат жазылған қосымша терезе бар. Онда қай балабақшада жас ерекшелігіне қарай қанша орын бос екені жазылған. Өзіңізге ыңғайлы балабақшаны таңдаған соң, жолдама алу батырмасын шертіңіз. Сіздің ұялы нөміріңізге (өтініш жазған кезде көрсеткен) СМС-хабарлама келеді. 4 санды кодты арнайы ұяшыққа енгізу қажет. Сол мезетте ұялы телефонға балаңыздың электронды жолдамасы келіп түседі. Жолдаманың жарамдық мерзімі – 5 күн. Сондықтан да, кешіктірмей балабақшаға барып, электронды жолдамаңызды көрсетуіңіз қажет. Ал телефон нөмірі ауысқан жағдайда білім бөліміне барып, қолданыстағы телефон нөмірін ауыстыруға өтініш жазуға болады.
Айтпақшы, сайт арқылы тек жолдама алып қана қоймай, балабақшаға кезекке қоюға, мекемелердің құжаттарын, бағдарлама және фотосуреттерін көруге болады. Ендеше, мүмкіндікті жіберіп алмай, балаңызды тез әрі оңай жолмен балабақшаға орналастырыңыз.