Ұлттық банк қарыз алушыларға осындай мүмкіндік беріп отыр. Осы жылдың шілдесінде ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасына өзгеріс енгізілді. Түзетуге сәйкес, қарыз алушыға бұған дейін өзіне тиесілі болған, кейін банктің балансына өткен тұрғын үйді өз меншігіне қайтару мүмкіндігі беріледі. «Қазір Ұлттық банк тұрғын үйді жалға беру тетігін әзірлеуде», – деп хабарлады қаржылық реттеушінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап abctv.kz.
Осыдан төрт-бес жыл бұрын мойнында ипотекасы бар ел тұрғындарының тығырыққа тірелгенін жақсы білеміз. Қос бүйірден қысқан қаржылық дағдарыс, доллар бағамының күрт көтерілуі шетел валютасымен ипотека рәсімдеген тұрғындарды әуреге салды. Сөйтіп ай сайынғы төлемді төлеуге шамасы жетпегендердің басына қара бұлт үйірілді.
Өйткені банк кепілдікте тұрған жалғыз баспананы тартып алуға кірісті. Міне осы кезде ел ішінде әлеуметтік шиеленіс туындады. Ақыры бұл іске Ұлттық банкі араласты. Ұлттық банк 2014 жылдың желтоқсанында екінші деңгейлі банктермен және қоғамдық бірлестіктермен арнайы меморандумды бекітті. Меморандум проблемалық ипотекалық қарыз алушыларды жылыту маусымы кезінде баспанасынан қуып шығуға тыйым салды.
Ал 2015 жылдың 24 сәуірінде ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаның мақсаты – 2004-2009 жылдар аралығында қарыз алған тұрғындардың жалғыз баспанасын сақтап қалуға жәрдемдесу. Ұлттық банк бағдарламаны жүзеге асыруға 130 млрд теңге бөлді. Жалпы, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша мерзімі өтіп кеткен берешектің ең көп үлесі 2004-2009 жылдарға тиесілі екен. Проблемалық ипотекалардың 82%-ы асы аралықта рәсімделген.
Бағдарламаға сәйкес, қарыз алушылардың сыйақы, өсімпұл (тұрақсыздық сомасы), комиссия бойынша берешегі жойылады. Негізгі қарыздың қалдығы 3%-дан аспайтын жылдық мөлшерлеме бойынша қайта қаржыландырылады. Сондай-ақ 2004-2009 жылдар аралығында жасалған шарттар бойынша сыйақының орташа мөлшерлемесі 15%-ды құрайды.
«Ұлттық банк мемлекеттік органдармен және қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп, ауқымды жұмыс жүргізді. Бағдарламаға проблемалық қарыз алушылардың жағдайын жақсартатын 30-дан астам түзету енгізілді. Қарыз алушылар мен банктер бағдарлама аясында берешекті кешіру кезінде туындайтын салықтарды төлеуден босатылды.
Сондай-ақ қаржыландырылатын қарыз бойынша кепіл мүлкінен тыйым салуды жедел алып тастау мәселесі пысықталды. Барлық өңірде, Астана мен Алматы қалаларында қарыздарды қаржыландырудан бас тартқан банктермен жұмыс жүргізу үшін комиссия құрылды. Банктерге қарыз алушылардың берешегін өндіріп алу, кепілге қойылған тұрғын үйінен шығару және оны үшінші тұлғаларға сату туралы сот процестерін тоқтата тұру туралы хат жіберілді. Ұлттық банк Алматы қаласының әкімдігімен бірлесіп, проблемалық қарыз алушыларды жалғыз баспанасынан шығаруды бір жылға тоқтата тұруға бағытталған меморандумға қол қойды», – деп хабарлады бағдарлама аясында атқарылған жұмыстар туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Жоғарыда аталған шаралар қарыз алушылардың көпшілігін бағдарламаға тартуға және банктердің оларды баспанасынан шығаруды іс жүзінде тоқтата тұруға мүмкіндік берді. 2018 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша банктер жалпы сомасы 152,5 млрд теңге болатын қайта қаржыландыруға арналған 24 421 өтінімді мақұлдаған екен. Бұл ретте, 126,3 млрд теңгенің 22 009 қарызы қайта қаржыландырылды. Бағдарлама арқылы 2026 жылға дейін 40 мыңға жуық қарызды қамту көзделіп отыр
. Ұлттық банк хабарлағандай, 2015 жылы қарыз алушылардың борыштық жүктемесін төмендетуге, келешекте қарыз алушылардың міндеттемесінің сыртқы факторлардан тәуелділігін жоюға, банктік қызметтің айқындылығын қамтамасыз етуге бағытталған бұрын-соңды болмаған түзетулер блогы қабылданды. Атап айтқанда, заңында бірқатар өзгеріс енгізілді. Мәселен, шетел валютасында кірістері жоқ адамдарға аталған валютамен ипотекалық қарыз беруге тыйым салынды.
Сондай-ақ ипотека бойынша міндеттемелердің 180 күн мерзімі өткеннен кейін есептелген сыйақы мен тұрақсыздық айыбы талап етілмейтін болды. Бұдан бөлек, негізгі борышқа сыйақы мен тұрақсыздық айыбын капиталдандыруға (жинақтауға) шектеу қойылды. Борышты борышкердің өзге мүлкінен өндіріп алуға тыйым салынды. Банк шартта көрсетілген дүниені ғана ала алады.
Сонымен қатар қарыз алушы ұзақ уақыт бойы төлем жасауға қабілетсіз болса, тұрақсыздық айыбы мен айыппұлдарды соңғы кезекте өтеуге құқық берілді. Жеке тұлғаның шотында тұрған немесе шотына түсетін соманың 50%-дан астам бөлігін өндіріп алуға шектеу қойылды. Сондай-ақ биыл Ұлттық банк бағдарламаға 2015 жылғы 18 тамыздағы бағам (бір АҚШ доллары үшін 188,35 теңге) бойынша 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін теңгемен берілген жеке тұлғалардың валюталық ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландыру тетігін енгізді. Бұл ретте, бағам айырмасының 137,3 млрд теңгеге жуық сомасы Ұлттық банктің қаражаты есебінен өтеледі.
Өз кезегінде, банктер қарыз алушылардың 136 млрд теңге көлеміндегі сыйақы, комиссия, тұрақсыздық айыбы бойынша берешегін кешіретін болды. Шетел валютасымен берілген ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруға 16 банк пен 1 ипотекалық ұйым кірісті. 2018 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша банктер валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру үшін жалпы сомасы 5 млрд теңге болатын 802 өтінімді мақұлдады. Бұдан бөлек 2,3 млрд теңгенің 462 қарызы қайта қаржыландырылды. Осы орайда, Ұлттық банк бағдарламада халықтың әлеуметтік осал топтарына ерекше мән бергенін атап өтуге тиіспіз.