Биыл Отырар ауданының 54 мыңнан астам тұрғыны табиғи газбен қамтылады

549

Биыл Отырар ауданындағы 22 елді мекенге көгілдір отын тартылады. Нәтижесінде 2 мың отбасы, яғни аудан халқының шамамен 80 пайызы табиғи газбен қамтылатын болады. Келесі жылы тағы 7 ауыл от жағып, күл шығарудан арылады. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ауданға жасаған сапары кезінде мәлімдеді.

Аудан тұрғындарымен кездескен аймақ басшысы газдандыру мәселесіне байланысты атқарылып жатқан жұмыстардың барысын баяндап өтті.

«Бүгінге дейін Отырар ауданында табиғи газ болмаған. Міне, осы мәселені шешу үшін тиісті шаралар атқарылуда. Биыл Шәуілдір және Темір ауылдарында құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес қарқынды жүріп жатыр. Мұнан бөлек Ш.Қалдаяқов, Ескі Шілік, Жаңа Шілік және Ақтөбе елді мекендерін газдандыру жұмыстарына қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары жақын күндері басталғалы тұр. Жалпы айтқанда көп ұзатпай ауданды толық газбен қамтуды ойлап отырмыз», – деді облыс әкімі.

Қазіргі таңда Сырдарияның сол жағалауындағы 12 елді мекенді газдандыруға жобалық сметалық құжатын дайындау үшін сәулет жоспарлау тапсырмасы дайындалып, облыстық бюджетке ұсынылған.

Бұдан бөлек, өңір басшысы Шілік елді мекеніндегі «Нұр Шілік» ауыл шаруашылық кооперативінің жұмысымен танысты. Сүт өңдеу ісін жолға қойған кәсіпорын «Ырыс» микро қаржы ұйымынан 22 млн. теңге қаржы алған. Қожалық күніне 500 литр сүт өнімдерін дайындауға қауқарлы. Бүгінде копператив меншігінде 300 бас ірі қара, 2256 бас уақ мал, 217 бас түйе, 9 бас жылқысы бар.

Айта кетейік, аудан шаруалары өткен жылы 58 бірлік, 2018 жылы 36 бірлік жаңа ауыл шаруашылық техникаларын сатып алған. Нәтижесінде өнім көлемі мен сапасы артып, алдыңғы жылдармен салыстырғанда 2017 жылы ет өнімі 102,5 пайызды құрап, 9.2 мың тоннаға, сүт 103.5 пайызға артып, 21.6 мың тоннаға жеткен.

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі