Шымкенттегі «Қырғы базар» маңынан шыққан шу, арна тілшілерін бей-жай қалдырмады. Мұнда сот шешімімен дүңгіршіктерді сүруге келген жауаптыларға сатушылар қарсылық көрсетті.
Жылдар бойына ретсіз сауданың көрігін қыздырып, көл-көсір пайда тауып жүрген саудагерлер жергілікті билік өкілдерінен тағы да мерзім сұрады. Себебі, сот шешімін кеш естідік дейді. Нәпақа нүктелерінен айырылғысы келмегендер тіпті денсаулығы сыр беріп, жедел жәрдем көмегіне жүгінуге мәжбүр болды.
Биліктің бұл шешімі жаңа оқу жылына балаларын дайындап жатқан ата-аналардың шымбайына шын батыпты. Қыркүйекке дейін қосымша мерзім сұраған саудагерлер жауаптылардың жұмысына кедергі келтірмек болды. Сауда орындарының көз алдарында бұзылып жатқанын көрген сатушылар өліспей беріспеске бел буған.
«Күнделікті нәпақадан қағылдық» деп шырылдаған кей сатушылардың тіпті денсаулықтары сыр беріп, жерде талықсып жатты. Сатушылар сауда орындарын талапқа сай ету үшін миллиондаған қаражат жұмсағандарын айтады. Тіпті кейбірі «Қырғы базар» маңайындағы сауда орындарын тағы бір айға жалға алу үшін төлем де төлеп қойыпты.
Ақтолқын, сатушы: «100 мың төлейміз. Ол келесі айда бітуі керек. Бізге уақыт бермей жатыр. Әкімге бардық. Күтпейді».
Талай жылдан бері ретсіз сауданың көрігін қыздырып, көл-көсір пайда тапқан саудагерлер жерді босату үшін мерзімді тағы 20 күнге ұзартып беруді сұрады. «Себебі, бізді жауаптылар сот шешімімен кеш құлағдар» етті деп отыр.
Фарида Нұрымбектова, сатушы: «Біз жұма күні естідік. Ертерек айтса болар еді. 20 күн уақыт берсін. Бала-шағаның мектепке киімдерін түгендеп алайық».
20-шілде күні жергілікті билік өкілдері мен тәртіп сақшылары, сот орындаушылары бас қосып, «Қырғы базар» маңындағы ретсіз сауданы жоюға негізделген сот шешімін таныстырған болатын. Шенеуніктер саудагерлерге өзге базарлардың аумағынан тегін орындар берілетінін, бірде-бір сатушының бос қалмауын қадағалаймыз деп сендірді. Қосымша тегін сауда орындарымен қоса, мамандар оларға бос жұмыс орындарын да ұсынатынын жеткізді.
Қаланың көркін қашырып қана қоймай, көліктердің қозғалысына да кері әсер етіп отырған ретсіз сауданы тыю үшін шаһар басшылығы сотқа үстіміздегі жылдың ақпан айында шағымданыпты. Бір емес бірнеше рет аппеляциялық шағым түсірген сатушылардың үміті ақталмады дейді шенеуніктер.
Нұрлан Бектұрсынов, Шымкент қаласы энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы: «27 — шілдеде сот шешімі күшіне енді. Біз үнемі ескертіп отырамыз. Рейдтер өтіп жатыр. Түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз».
Бүгіннен бастап жергілікті билік өкілдері , тәртіп сақшылары, сот орындаушылары дүңгіршіктерді сүру жұмыстарына мықтап кірісті. Сот шешімін орындап, жабайы сауданы қалпына келтіруге екі ай мерзім беріліп отыр.
Осылайша шаһар басшылысы 3 жылдан бері қып-қызыл дауға айналған ретсіз саудаға нүкте қойды. Сот шешімімен 35 дүңгіршек сүріліп, жабайы сауданың орны мемлекетке қайтарылады. Жергілікті билік өкілдері мегаполистегі өзге де ретсіз саудамен күресетін болады.
Мақпал Рысбаева