«Денсаулық жолы» шалғайдағы халыққа көмек көрсету бригадасы. Акция Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ұйымдастыруымен жыл сайын өткізіледі. Биылғы шара аясында дәрігерлер шалғай ауылдарға жолға шықты. Арнайы жасақталған мамандар тобының қатарында ауылдарда табыла бермейтін дәрігерлер де бар.
Алыстағы ағайынға медициналық көмек аса қажет. Мұны осы істің басы қасында жүрген жауаптылар жақсы біледі. Сондықтан жылдағы дәстүрге сай «Денсаулық жолы» акциясы — жергілікті тұрғындарға көмек көрсетуге жолға шықты.
Олар Сайрам ауданына тоқтап, 100-ге жуық азаматты қабылдады. Жергілікті тұрғындар көбіне педиатр, терапевт, эндокринолог мамандардың көмегіне жүгінді. «Облыстан білікті мамандар келеді» дегенді естіген Зульфия Ташимова алты бірдей перзентін дәрігерге көрсетіп, денсаулығын тексертті.
Денсаулық керуенінде, сондай-ақ, офтальмолог, онколог, кардиолог сынды мамандар да бар. Дәрігерлер үшінші тамызға дейін облыстағы шалғай ауылдарды аралап, медициналық көмек көрсетеді.
Білікті мамандардан құралған топ енді 31 — шілде күні Сарыағаш, Арыс, Төле би, Түркістан қаласына қарасты шалғай елді мекендерде, 1 — тамыз күні Мақтаарал, Бәйдібек, Түлкібас, Шардара аудандарына барып, азаматтарды қабылдайды. «Бір аптаға жалғасатын тексеруде өңірдегі 14 ауданды қамтимыз» деп отыр.
Лаура Нақыпқызы