Домбыра Party керемет өтті

952

Ұлттық ойындар ұлықталған күн. «Отырар» телеарнасы өз көрермендерін, яғни қала тұрғындарын өзгеше қуантты. Дәлірегі, теларна ұжымы Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласына қолдау білдіру мақсатында «Жас толқын жаңғырады» жобасын ұйымдастырып, «Домбыра Party” өткізді. Орталық саябақты думанға бөлеген кеш барысында жасына қарамай асық атып, ләңгі тепкендер көп болды.

Домбыра partyде бақ сынаған жастар көрермен қауымның көзайымына айналды. Өнерлі жас толқын өздерінің жүрек қалауымен қатысып, құрбы құрдастарымен бірге күмбірлете күй төкті. Күй атасы Құрманғазының, Дәулеткерей мен Тәттімбеттің шығармаларын нақышына келтіре орындаған талаптыларға жұртшылық дән риза болды. Екі кезеңнен тұрған байқау барысында күйшілікпен бірге ұлттық әндер де шырқалды.

Гүлдана Бектемір: «Мен 13 жасымнан бастап домбырада ойнаймын. Жарыс болатыны жайлы әлеуметтік желіден естіп, келіп отырмын. Қарсыластарым да мықты екен. Жалпы, домбыра тартатын жастар көп болғаны жақсы ғой. Ұйымдастырушыларға рақмет».

Іс-шара барысында ұлттық ойындар асық ату мен ләңгі тебуден де жүлделі орындар сарапқа салынды. Асық ату ойыны негізінен жас балалар ойыны болып саналса да, бұл күні оған қатысуға қызығушылық білдіріп, бағын сынаған ересектер де аз болмады. Тіпті, халық қалаулысы Қайрат Сүлейменов те саябақ төрінен табылды. Балалық шағын еске алып, мергендігімен көзге түсті. Айтуынша, мұндай шаралар қоғамдағы бірнеше өзекті мәселенің алдын алуға септігін тигізеді дейді

Қайрат Сүлейменов, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты: «Қазіргі балалар телефон, компьютердің алдынан шықпайды. Сондықтан оларға осындай іс-шаралар керек. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» демекші, мына саябақта домбыра шертіп, асық атып жатқан жас ұрпақты көріп марқайып қалдық. Оларды біз де әрқашан қолдаймыз».

Ләңгіні шыр көбелек айналдыра теуіп, көпшілікті тәнті еткендер көп болды. Тартысқа толы бәсеке болды. Іс-шараға келген қала тұрғындарының көңіл-күйі көтеріңкі. Ұлттық ойындар мен ұлттық әнді аңсап қалған жұрт мұндай шараның өтуіне мұрындық болған «Отырар» телеарнасының ұжымына ризашылықтарын білдіріп жатты.

Азамат Жаппар, қала тұрғыны: «Бұл жоба барлығымызды жақындастыра түсті деуге болады. Өткенімізді жаңғыртуға деген алғашқы қадамдар деп санауымыз керек. «Отырар» телеарнасы өте жақсы бастаманы қолға алған екен, алда тек сәттілік. Бүгін келіп, көңіл-күйім бір көтеріліп қалды. Естен кетпес кеш болды».


Ұйымдастырушылардың айтуынша бұл жобаның тек бастамасы ғана. Соның өзі көпшіліктің көңілінен шығыпты. Сондықтан ұлттық құндылықтарды ұлықтаған шараны дәстүрге айналдыруға уәде етіп отыр.


Ардақ Жақсылықова,  «Отырар» телеарнасының редакторы: «Бұл шараны өткізуге миллиондаған қаржы сұрамадық, ондай сома кетпеді де. Ең бастысы телеарна жастарының ынтасы мықты болды. Барлығы жоғары деңгейде өтті деуімізге жұрт куә. Көптің көңілінен шығып жатыр, неге жалғастырмасқа? Алда дәстүрлі түрде ұйымдастырамыз деп уәде береміз».


Әр ойын бойынша сол саланың мықтылары баға берді. Нәтижесінде жүзден жүйрік атанған үздіктердің есімі анықталды.

Ләңгі тебу бойынша ІІІ орынды Иса Мұса, ІІ орын Руслан Балабеков иеленді. Ал І орын Кемал Аслановқа бұйырды. Ләңгі тебу ойынының жеңімпазына Облыстық мәслихаттың депутаты Бекасыл Төлендиев ақшалай сыйлық табыстады.

Асық ату ойынында ІІІ орынды кештің ең жас қатысушысы 5 жастағы Әлихан Талғат қанжығасына байлады. Ал ІІ орынды Кенан Асланов иеленді. Иса Мұса І орыннан көрінді. Асық ату ойынының жеңімпазына Облыстық маслихаттың депутаты Қайрат Сүлейменов ақшалай марапат ұсынды.

Ал «Домбыра Party”-де ІІІ орынды Нұрсұлтан Орынбасар, ІІ орынды Ұлдана Бектемір иеленді. Ал Дулат Сембиев көпшіліктің құлағының құрышын қандырып, үздік деп танылып, І орыннан көрінді. Жеңімпаздар ақшалай марапатқа ие болды.
ІІ, ІІІ орын жеңімпаздары және өзге де қатысушылар телеарна ұжымы әзірлеген сыйлықтан кенде қалмады.

Ал қатысушылар «Отырар» теларнасының бастамасы өз жалғасын тапса деген тілекпен тарқасты.

(фото суреттер Серік Қосайдың фоторепортажынан)