inform.kz

Жексенбі, 22 шілде күні футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 19-турында Шымкенттің «Ордабасы» клубы өз алаңында Алматының «Қайратын» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шымкент қаласында өткен жергілікті «Ордабасы» мен Алматының «Қайрат» командалары арасындағы ойын тартысты өрбіді. Оның себебі де жоқ емес. «Қайрат» жылма-жыл чемпион атанудан үміткер болып саналады. Сондықтан әрбір кездесу олар үшін маңызды екені белгілі. Басты қарсыласы — «Астана» әзірге қара үзіп кете қойған жоқ. Елордалық ұжым «Қайраттан» екі ойын артық өткізген.

Небәрі 6 ұпай ғана алда. Сол себепті қалған кездесулерде «Қайрат» ұпай жоғалта қоймаған жағдайда биылғы біріншіліктің бас жүлдесін қанжығаға байлауы әбден мүмкін. «Ордабасы» да жоғары жетістікке қол жеткізуді қалайды. Десе де олардың да ала-құла ойындары жанкүйер көңілінен шыға алмай жүр. Бас бапкерді ауыстырып үлгерді. Қазір бұл қызметті грузин маманы Кахабер Цхададзе атқарады. Ол бұдан бұрынғы кезеңде «Қайратта» бас бапкер қызметін атқарғаны белгілі. Сондықтан ол өзінің бұрынғы командасымен кездесуде шәкірттерін ерекше дайындайтыны айдан-анық еді. Шымкенттегі ойын «Қайрат» үшін сәтсіз басталды.

Алдымен «Ордабасы» клубы гол соғып кетті. Оны 13-минутта Темірлан Ерланов өз еншісіне жазды. Бұдан кейінгі кезекте «Қайрат» таразы басын теңестіруге ұмтылды. Десе де дегендеріне жете алған жоқ. Олар ұйымдастырған шабуыл өте әлсіз өрбіді. Діттеген мақсатына жете алмады. Алматылықтар ойынды 56-минутта теңестірді. Бұл сәтте «Қайрат» сапынан Адеринсола Эсеола мергендік танытты. Бұдан кейін «Қайрат» жеңіске жетуге жақын болды. Бірқатар шабуыл өрбітті. Дегенмен ол сәттерде алматылықтар жинақы қимыл көрсете алған жоқ. Есесіне олар 85-минутта өз қақпасы алдында тәртіп бұзуға мәжбүр болды. «Ордабасы» шабуылшысы Жасұлан Молдақараевты шалып жыққаны үшін пенальти белгіленді. Оны Абдуллай Диакате мүлт жіберген жоқ. Ойын 2:1 есебімен «Ордабасының» жеңісімен аяқталды.

Осылайша Кахабер Цхададзе өзінің бұрынғы командасын жеңіп кетті. «Қайрат» чемпион атану мүмкіндігін тағы да қиындатып алды. Еске салайық, кеше 21 шілде күні Қазақстан біріншілігінің 19-тур ойындары аясында үш матч өтті. Талдықорғанның «Жетісуы» өз алаңында «Ақтөбеге» 1:2 есебімен жол берсе, Қарағандыдағы ойында жергілікті «Шахтер» Қызылорданың «Қайсарымен» 2:2 есебімен тең түсті. Сондай-ақ Атырауда жергілікті «Атырау» мен Оралдың «Ақжайығы» кездесіп, ойын 2:0 есебімен атыраулықтардың пайдасына аяқталды. 19-тур ойындары аясында бүгін, сондай-ақ  Қостанайдың «Тобылы» мен Павлодардың «Ертісі» ойнады. Қостанай жерінде өткен матчтың қорытындысы 1:1 болды.

Айта кетейік, бұл турдағы «Қызылжар» мен «Астана» арасындағы ойын биылғы 25 сәуірде өтіп, сырт алаңда елордалықтар 2:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Келесі, 20-тур ойындары 28 және 29 шілде күндері өтеді. 28 шілдеде «Қайсар» мен «Қызылжар», «Астана» мен «Атырау», «Ақжайық» пен «Атырау» командалары кездессе, 29 шілдеде «Ордабасы» мен «Жетісу», «Қайрат» пен «Тобыл», «Ертіс» пен «Шахтер» командалары өзара шеберлік байқасады.