Мақтаарал ауданында жаңа оқу жылында 8 білім ұясы ел игілігіне берілетін болады. Бұдан бөлек биыл 8 мектептің іргетасы қаланбақ. Сондай-ақ, ауданда 5 модулді медициналық тректің құрылысы аяқталуға жақын. Бұл туралы аудан әкімдігінде өткен жиында өңір басшысы Жамантай Бейсенбаев мәлім етті,-деп жазады аудан әкімінің баспасөз қызметі.
Жиын барысында аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Сансызбай Сейдалиев баяндама жасады. Оның айтуынша, 8 білім ошағындағы құрылыс жұмыстары кестеге сай жүргізілуде. Биыл Жетісай қаласындағы 80 гектар аумақта 5 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы бастау алатын болады. Бұдан бөлек 4 қабатты 12 тұрғын үйдің барлық құжаттары облыстық құрылыс басқармасына өткізіліп қойған.
Ауданның бас архитекторы Достық және Жамбыл ауылдық округі әкімдігінің жаңа ғимараттары мен 5 модулді медициналық тректердің де құрылысы аяқталғалы жатқанын хабарлады.
Аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев жаңадан салынып жатқан мектептердің жылу жүйесін көмірден бөлек, газға да қоса алатындай етіп жасауды тапсырды. Өйткені 2020 жылға дейін аудан елді мекендері толықтай газбен қамтылатын болады. Сондай-ақ, аудан басшысы күрделі және орта жөндеуден өтіп жатқан мектептерге бақылауды күшейтуді тапсырды. «Балалар — біздің болашағымыз. Біз мектеп салуды тоқтатпауымыз керек. Жаңадан жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеп, ескі мектептердің қатарын азайтуымыз керек», — деді Жамантай Қанайұлы.
Ауданда 8 ауылдық округте мәдениет үйлері жоқ екенін тілге тиек еткен өңір басшысы соңғы жылдары мәдениет саласына аз көңіл бөлініп жатқандығын айтты. Мәдениет үйлерін салу үшін де жобалық-сметалық құжаттар әзірлеп, салалық басқармаға ұсыну керектігін ескертті.