2019 жылдан бастап медициналық ЖОО-ға оқуға түсетін талапкерлер қосымша емтихан тапсырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Үкімет отырысында мәлім етті.
«Алдыңғы қатарлы шетелдік оқу орындарымен стратегиялық әріптестік жалғасуда. 2019 жылдан бастап медициналық ЖОО-да іріктеу үшін қосымша емтихан алу заңмен енгізіледі. Келесі жылдан бастап мемлекеттік грантпен оқыған барлық кадр үш жыл мемлекеттік медициналық ұйымдарда жұмыс істейтін болады», — деді Денсаулық сақтау министрі Үкімет отырысында. Министрдің айтуынша, денсаулық сақтау саласында кадрлар тапшылығы төмендесе де, бірқатар өңірде мамандар тапшылығы республикалық деңгейден жоғары болып отыр.
«Мұның басты себебі өңірлерде жас мамандарға әлеуметтік қолдау шараларының жеткіліксіз жүргізіліп жатуы. 2017 жылы жергілікті атқарушы органдар жас мамандардың 44%-ына ғана әлеуметтік қолдау көрсеткен болатын», — деді Елжан Біртанов.