Облыс мәслихатының депутаттары кезекті 26-шы сессиясын Түркістан қаласында өткізіп жатыр. Ал тұрақты комиссиялардың отырысы Шымкентте өтті. Халық қалаулыларының қарауына облыс әкімдігінің атауына өзгеріс енгізу, облыс әкімдігінің дербес құрамын бекіту мәселелері жіберілген. Сессияда қандай шешім қабылдайтыны белгісіз, бірақ тұрақты комиссияда талқыланған мәселелер оң шешімін тапты.
Облыс мәслихатының бюджет және экономиканың дамуы жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында екі мәселе қаралды. Алдымен Оңтүстік атауын Түркістан облысына ауыстырды. Енді барлық мекемелердің тақтайшасы ауысып, жаппай Түркістан облысы деп жазылады.
Өңірдің Түркістан облысы аталуын депутаттар бірауыздан қолдап, мақұлдады.Осыған байланысты, облыс әкімдігінің дербес құрамына қатысты да ұсыныс жасалды.
Облыс әкімдігінің дербес құрамына енгізілген лауазымды тұлғаларға қатысты тұрақты комиссияда ешқандай ұсыныс жасалмады, бұл мәселе бойынша да халық қалаулыларының ойы бір жерден шықты.
Облыс әкімінің орынбасарлары, қаржы, экономика және бюджетті жоспарлау басқармаларының басшылары орындарында қалды. Талқыланған екі мәселе облыс мәслихатының кезектен тыс 26 сессиясының қарауына ұсынылды.
Шынар Оразова