Төле би аудандық мәдениет үйі мен аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің бірлесуімен Көксәйек ауылында «Нартәуекел» байқауы ұйымдастырылды. Байқау 6 кезең бойынша өткізілді. Сегіз қырлы, бір сырлы сері жігіттер барын салды. Өнерін өрге өрлеткен 9 үміткер қатысты.
«Мен қазақтың ұлымын» атауымен өзін өзі таныстырды. «Бәрекелді сайыпқыран» кезеңінде жігіттер өздерінің ерекше қырларымен таңқалдырды. «Өнерліге өріс кең» кезеңі барысында әннен шашу шашып, күмбірлетіп күй шертті. «Көңілі ояу, көзі ашық» яғни, зерделілік сынында сұрақтарға жауап берді. Бұл кезең барысында жігіттер өздерінің жан-жақты екендіктерін байқатты.
«Ат жалынында өскен ұл» кезеңінде аты айтып тұрғандай аударыспақ, теңге ілуде ептіліктерін сынға салды. «Қос сайыста» қол күрестіріп, қазақша күреске түсті. Жігіттің сұлтандары қатысқан байқауда бас жүлдені Көксәйек ауылдық округінен А.Еламан иеленді, Қаратөбелік Ғ.Ағабек І-орынды, ал ІІ-орынды Бірінші Мамыр округінен келген Б.Нұрмахан алды. ІІІ-орынға М.Аталиков пен Б.Түзелбектер ие болды.
Өзге қатысушылар «Сымбатты жігіт», «Алып жігіт», «Епті жігіт», «Өнерлі жігіт» номинацияларымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Іс-шараға белсене қатысқан жастарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.
А.Бейімбет