«Отырар» кітапханасында коворкинг орталығы ашылды

181

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Түркістан облысына іс сапармен келді. Шымкенттегі әлеуметтік, мәдени орталықтарды аралаған мәртебелі мейман мегаполистің даму жоспарымен танысты. Жаңалықтарды жаны сүйетін жастар үшін барлық жағдай жасалуы тиіс деген тапсырмасын берді.

Қонақтар алдымен «Отырар» өңірлік әмбебап ғылыми кітапханасындағы жаңашылдықтармен танысты. «Нұр Отан» партиясының жаңа жобалары аясында ашылған коворкинг- орталық жаңа технологиямен және жоғары жылдамдықты интернетпен жабдықталған. Мұнда келушілерге керемет жағдай жасалған. Жастардың жиі бас қосатын орнына айналған орталықта бүгінде ұл қыздар бос уақыттарын тиімді өткізуде.

Мәулен Әшімбаев кездесу барысында жаңашылдыққа жетелейтін орындар көп болуы тиіс деп дөп басты. «Жастар мұндай мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, ізденуден, үйренуден, білім алудан жалықпауы керек» деген кеңесін де берді.

Партиялық жоба бойынша қалада кітап қорын электронды нұсқаға көшіру жұмыстары да қарқын алған. Тек бір ғана «Отырар» кітапханасында 380 мыңнан аса қор бар. Олардың ішінде тарихтан сыр шертетін құнды дүниелер көп.

Бас партияның бірінші орныбасары бастаған топ жақында пайдалануға берілетін коррекциялық орталықта болды. Мұнда денсаулығында кінәраты бар балалар ем қабылдап, түрлі әдістер арқасында оңалады деп күтілуде.

Шынар Оразова