«Ревматологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудегі өзекті мәселелер». Осындай атаумен Оңтүстік Қазақстан облыстық Медицина академиясында кең таралған ауру түрін талқылауға арналған халықаралық-тәжірибелік конференция өтті. Бүгінде қауіпті аурумен халықтың 15 пайызы зардап шегеді. Әлемде алдыңғы орынға шыққан дерт экономикалық жағынан да аяқтан тартып тұр.
Маңызды конференцияның медицина академиясында өткізілуі де тегін емес. Өйткені осыдан 15 жыл бұрын дәл осы оқу орнында елімізде ревматологиялық қызметті жандандыру ісі қолға алынған болатын. Аталмыш конференцияда Ұлыбританиядан, Мәскеуден, Ташкенттен, сондай – ақ, еліміздің түкпір түкпірінен айтулы ревматлогтар бас қосты. Мүгедектікке әкеп соқтыратын ауыр зардапты дертті емдеу жолдарын талқы таразысына салды.
Аталмыш салаға үлкен еңбек сіңірген, ғылыми жұмыстары жоғары бағаланып жүрген профессор Армен Гаспарян Ұлыбританиядан арнайы келіпті. Атақты Бирменгем универститенің белді ұстазы жасаған баяндамаға қызығушылық танытқандар көп болды. Білікті дәрігерлердің өзі Доктор Гаспарянға сұрақтарын жаудырып, тұщымды жауаптарын алды.
Екі күнге созылатын жиын барысында дәрігерлер ревматологиялық қызметті жетілдіруді, ауруды емдеу, ерте диагностикалау жолдарын қарастырмақ. Бұл жиын тәжірибе алмасу алаңына айналды. Осы саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандардың ғылыми еңбектері медицина академиясының арнайы журналында жарияланатын болады.