Түркістан облысында үш жасар сәби көліктің ішінде тірідей өртеніп кеткен. Оқиға 6-шы шілде күні Сарыағаш ауданына қарасты жеке тұрғын үйдің ауласында болған.

Төтеншеліктер мәлімдегендей, Жемісті ауылы Әуезов көшесінде төрт үй өртенгені туралы хабар түсті. Бір үйдің ауласында «ВАЗ-2106» көлігінен өрт шыққан, көліктен 2015 жылы туған баланың денесі табылды. Сондай-ақ, бір көшеде орналасқан төрт үйді өрт шарпыған.

Үш үйдің өртену аумағы 436 шаршы метрді құрайды, төртінші үйдің шатыры жанып, аумағы 96 шаршы метр болды. Өрт 14:43 кезінде ауыздықталып, 16:03-те толығымен сөндірілді. Қазір, өрттің неден шыққаны анықталуда.

Түркістан облыстық ТЖД баспасөз қызметі: «Оқиға орнында Өрт сөндіру қызметінің 17 қызметкері және 3 техника, Сарыағаш ауданының жедел-тергеу тобы жұмылдырылды».