ҰБТ-ның қорытындысы белгілі болды. Облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықовтың мәліметінше, Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бойынша 2017-2018 оқу жылында 33765 оқушы 11-сыныпты бітірді. Оның ішінде 25999 қазақ, 2834 орыс, 4605 өзбек, 327 оқушы тәжік сыныптарының түлектері. Бітірушілердің 22 417-сі ҰБТ тапсыруға өтініш білдірген. Дегенмен 304 оқушы өз өтінішімен, 22 оқушы денсаулығына байланысты тестілеуге қатысудан бас тартып, нәтижесінде 22091 түлек тестілеуге қатысыпты. Анық болғандай, ҰБТ қорытындысы бойынша облыстың орта балы – 79,6.
5267 оқушы 100 балдан жоғары жинаса, 2755 оқушы шекті ұпайды жинай алмаған. ҰБТ ережесін бұзғаны үшін 5 оқушы аудиториядан шығарылып, тестілеу нәтижесі жойылыпты. Облыс бойынша ең жоғары ұпай – 139. Оны Сарыағаш ауданы №16 Пафилов атындағы жалпы орта мектеп оқушысы Ақерке Тастан жинаған. Одан кейін 138 ұпайды 3 оқушы, 137 ұпайды 5, 136 ұпайды 11 оқушы жинаған. Ал ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ұлттық бірыңғай тестілеу» РМҚК директоры Рамазан Әлімқұлов Республика бойыншаҰБТ қорытындысын мәлімдеді. Айтуынша, елімізде биыл ҰБТ тапсыруға 102 447 өтініш берілген. Соның 77224-і қазақ тілінде, 25177-сі орыс, ал 46-сы ағылшын тілінде тапсыруға ниет білдіріпті.
Іс жүзінде 98698 бітіруші ҰБТ тапсырды. Былтыр бұл көрсеткіш 88583 болған. Сондай-ақ 9 мектеп бітірушінің тапсырған емтихан нәтижелерінің күші жойылған.
Шектік деңгейден 84065 бітіруші өтті. Ал 14 633 түлек шекті деңгей 50 баллды бағындыра алмады. Биыл бес пән бойынша орташа балл 83,1-ді құрады (2017 жылы бұл көрсеткіш 80,5 болатын). Айта кетейік, ҰБТ-ны тапсыра алмаған түлектер тестіні екінші рет қашан тапсыра алады. Ол үшін 25 шілде мен 3 тамыз аралығында ҰБТ-ны екінші рет тапсыруға өтініш беру керек. Емтиханды тапсыра алмағандар 15-19 тамыз аралығында ҰБТ-ны қайта тапсырады. Егер одан өтпей қалса, онда қыста қайтадан өтініш беріп тапсыра алады.
«Оңтүстік Рабат» ақпарат
№27, 4 ШІЛДЕ 2018 ж.