Түркістан облысының жастары Солтүстікке аттанбақ. Дәлірегі, «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша талапкерлерден құжат қабылдау науқаны басталды. Енді, ауылдан шыққан түлектер айтулы мемлекеттік бағдарлама негізінде тегін білім алып қана қоймай, тұрақты жұмысқа да жолданады. Және баспаналы болады. Жаңа оқу жылы қарсаңында жобаға енгізілген осы және өзге де оңды өзгерістерді анықтап көрдік…
«Мәңгілік ел жастары — индустирияға» — «Серпін -2050» бағдарламасы негізінде биыл Солтүстікке аттанатын жастолқынның қатары анағұрлым артуы мүмкін. Себебі бұл жылы жобаға 5089 білім гранты бөлініп отыр. Көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда — 1376-ға артық. Бұл жөнінде облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Мұхтар Сейтжапбаров мәлімдеді.
Айтуынша, 2018 жылы бағдарлама бойынша тегін білім алу мүмкіндігінде техника ғылымдары мен технологиялар саласына басымдық берілген. Және талапкерлердің құжаты қазір облысымыздағы мемлекеттіңк университеттерде қабылданып жатыр. Сондай-ақ, шалғай ауылдан келетін талапкерлер енді құжатбастылыққа бой ұрып, сан-саққа сабылмайды.
Мұхтар Сейтжапбаров, облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары: «Бұған дейін құжат қабылдаған соң, ертеңіне анықтама алып кетуіне және қосымша құжаттарды алдырту үшін талапкерді тағы да шақыртатын. Қазір олай емес, қабылдаушы маман келген жастың құжаттары мен өтінішін сол мезет қабылдап, онлайн жүйесінде тіркейді. Ол ел аумағындағы орталық жүйеге еніп, ұсынысы қабылданады».
«Серпін-2050» жобасы — Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасы. Осыдан 4 жыл бұрын қолға алынып, жүзеге асқан. Негізгі көксегені — жастарды халқы аз қоныстанған және еңбек күшін қажет ететін солтүстік аймақтардағы жоғары және кәсіптік-техникалық оқу орындарына орналастыру және жұмыспен қамту. Жалпы жобаға 14 облыс қатысса, оның ішінде 9-ы қабылдаушы, ал, 5-уі жіберуші өңір болып табылады. Десе де биылдан бастап, тиісті бағдарламаға бірқатар өзгерістер енгізіліпті. Енді «Серпінге» сеніп, оқуға аттанғандар, оқу орнын тәмамдап, мамандықты меңгеріп шыққан бойда 5 жыл бойы сол өңірдегі жұмысқа жұмылады.
Мұхтар Сейтжапбаров, облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары: «Сол өңірде білім алғандар биылдан бастап, жаңа жүйеге бағынады. Яғни, қолына диплом алғасын 5 жылға қалып, сонда жұмыс жасайды. Жергілікті әкімдік жас мамандарды жұмыспен қамтып қана қоймайды, «Дипломмен ауылға» бағдараламасы секілді бір реттік төлемақы қарастырады. Және тұрғын үймен қамтамасыз етеді».
Айта өтейік, «Мәңгілік ел жастары — индустирияға» — «Серпін 2050» бағдарламасы негізінде құжаттар техникалық ғылымдар саласы бойынша — М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің «А» ғимараты, педагогикалық мамандықтар бойынша — ОҚМПУ-нің «Б» ғимараты және Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде қабылданып жатыр. Құжат қабылдау науқаны 26-шілде күні аяқталады. Және бұл бағдарламаға тек ауыл жастары қатысатындықтан, Арыс, Кентау, Түркістан қаласының түлектері шеттетіліп отыр. Айта өтейік, ел аумағында жоба басталғалы 15 мыңнан астам адам білім алса, соның 50 пайызы біздің облыстың жастарына тиесілі екен.