Аптап ыстықта жедел жәрдемді шақыртқандардың саны күрт артқан. Қаладағы шұғыл жәрдемге бір тәулікте 1800 қоңырау келіп түсуде. 103-ке хабарласқандардың басым бөлігі тыныс жолында ақауы бар, жедел респираторлы вирустық инфекциясы мен қан қысымы көтерілгендер.
Қоңыраудың көптігіне қарамастан, жедел жәрдем қызметкерлері қала тұрғындарына дер кезінде көмек көрсетуде. Салаға жауаптылардың сөзінше, шақыртулардың саны соңғы айда артқан.
Гүлбану Жабпар, оперативтік бөлім меңгершусі: «Шақырту саны 1700-1800-ге жетіп отыр. Қала бойынша 80 бригада жұмыс істейді. Кептеліс кезінде аздап кідіріс болады. Бірінші, екінші шақыртуларға дер кезінде барып жатырмыз. Көбіне қоңыраулар салқын су ішіп, балмұздақ жеу, желдеткіш қосып салқындап қалу сынды жоғары тыныс аурулары бойынша шақыртулар түсуде. Сондай-ақ, жедел респираторлы вирустық инфекциясылар жиі кездеседі».
Сондай-ақ, күн ыстықта қан қысымы көтеріліп, кардиологтың қабылдауына келетіндердің қатары да көбейген. Дәрігерлер жоғары қан қысымы бар азаматтарға аптап ыстықта тынығу керек деп кеңес береді. Ал жүрек қан тамырларының ауруы мазалаған науқастарға арнайы диета ұстау қажеттігін айтады.