Шомылу маусымында мерт болғандардың қатары артып барады

450

Шомылу маусымының шатағы көп. Суға дұрыс түсудің ережесін білмесең, суға кетуің әбден мүмкін. Қауіпсіздікті сақтау құтқарушыларға ғана керек ереже емес. Оны білу де, сақтау да әрбір азаматтың өз өмірі алдындағы міндеті. Сол міндетке салғырт қарағандардың ажалы судан келіп жатыр. Төтеншеліктер тынбай түсіндірме жұмыстарын жүргізсе де, қайғылы оқиғалар қатары сирейтін емес.

Биыл шомылу маусымы басталғалы өңірде 20 оқыс жағдай тіркелген. Суда мерт болғандардың басым бөлігі балалар. Төтеншеліктер қаза болғандардың суда шомылу ережесін сақтамағанын айтып отыр. Яғни, белгіленбеген жерде суға кетіп, құтқарушысы жоқ маңда опат болған.

Ғазиз Тұрманов, Төтенше жағдайларды жою бөлімінің басшысы: «Ең басты себебі орын алған оқиғалардың барлығы арнайы біздің құтқарушылармен және арнайы жасақталған су айдындарында емес осындай бақыланбайтын, бізбен тексерілмейтін жабайы құтқару пункттері жоқ жерлерде орын алған. Суға түскенде аяқ қолы тартылып қалуы мүмкін. Алкогольдік ішімдік ішіп өзінің дәрменін бағаламай терең жерлерге шомылады».

Маусымдағы мерт болғандардың саны шошытса керек, құтқарушылар қоғаммен жұмыс жасауға кірісті. Мұндағы мақсаттары да айқын. Суда шомылу ережесін сақтауға үйретті. Оның жолдары жазылған арнайы парақшаларын таратып, кеңес беруді қолға алған. Бұл жолы Бадам су қоймасы маңынан сая іздегендерді дұрыс суға түсу ережесімен ерінбей таныстырды. Ал ережеге құлақ түрмегендер қомақты айыппұл төлейді деп ескертті. Дәл осы су айдында суға түсуге рұқсат жоқ.

Қоршау белгісінен аспау, тиым салынған жерге жоламау, дауылды күні суға түспеу және ағысы қатты толқынға сүңгімеу. Бұл таратылған парақшада жазылған қауіпсіздік ережелері. Айта өтейік, осы уақытқа дейін ескертпеге бағынбаған 13 азаматтан қомақты айыппұл өндірілген.

Айгерім Айтмұхаметова