Шымкент – Ташкент, Ташкент – Шымкент бағытындағы автобустарға жолаушылар көбейді. Басында күніне үш сапар жасалатын бағытқа қазір 6 рейс қатынайды. Себебі, билеттер құны арзандаған.
Тасымалдаушылар әу баста билеттен түсетін қаражаттың сапар шығынын ақтамағанын жасырмайды. Қазір жолақы арзандағалы жолаушылар да көбейген. Осыған дейін Шымкент-Ташкент, Ташкент-Шымкент бағытына қатынайтын әрбір жолаушы 3500 төлеп келген болса, қазір 1500 теңге төлейді.
Аталған бағыттардағы автобустардың саны алты айдың ішінде екі есе артып отыр. Бүгінде бұл бағытта қос бірдей мердігердің 6 автобусы қызмет көрсетеді. Ташкентті бетке алғандардың көбісі қазір туристер мен демалушылар дейді тасымалдаушылар. Осыған дейін таксилете қатынаған жолаушылар әсіресе кеденнің кезегінен зәрезап болғандарын айтады.
Мурат Ахунов, жолаушы: «Бұрын таксимен қатынайтынбыз. Кеденде кезек күтіп, тұрып қалатынбыз. Қазір жақсы болып қалды. Кедергісіз өтеміз. Таксиге де осынша ақша жұмсауға тура келетін».
1 500 теңгеден сатылып жатқан жол жүру билеттерін күні бұрын сатып алатындар да көбейген. Ташкентке тура баратын автобустардың бастапқы құнын халық қалтасы көтермеді дейді кассирлер.
Валентина Николевна, аға кассир: «3 сапар жүретін қазір 6 сапар шығады. Мерекелік күндері жолаушылар тіпті көп болады. Билетті 10 күн бұрын алып қоятындар бар.
Салауат Күмісов, автовокзал директорының орынбасары: «3500 теңге халыққа ауыр тиді содан кейін, бағаны төмендетуге тура келді. Қазір жолаушылар үйреніп қалды бағытқа. Тасымалдаушы компанияларға бағаны тұрақты ұстау қажеттігін ескерттік».
Өткен жылдың 26 -шы желтоқсанында рұқсат берілген бағыт үстіміздегі жылдың 5 -ші қаңтарынан бастап қолға алынды. Өзбекстан мен Қазақстан тарапы алыс-берісті, барыс-келісті нығайта түскен бұл оқиғаны ерекше салтанатпен атап өтті.