20 жылдығы ұлан-асыр тойланып, жан-жақтан ағылған жұрттың қазанына айналған Елордамыз – Астананың халық саны өткен жылы 1 миллионға жетсе, міне, биыл Шымкенттің миллионшы тұрғыны дүниеге келді. Осылайша Шымқаламыз да Астана, Алматымен қатарласа миллион тұрғыны бар қалаға айналды. Мемлекет басшысының жарлығымен республикалық маңызы бар қалалар қатарына қосылды.
Енді Шымкенттің дамуы ерекше қарқын алады. Шымкент әкімдігі Астана қаласының тәжірибесін еліміздің үшінші мегаполисін дамыту мақсатында қолданады. Бұл жөніндегі меморандумға 1 шілде күні өткен Жібек жолы қалалары мэрлерінің Global Silk Road форумында екі қаланың әкімдері Әсет Исекешов пен Ғабидолла Әбдірахымов қол қойды. Енді Астана мен Шымкенттің кәсіпкерлері инвестициялық жобаларды бірге жүзеге асыруға жұмылады. Екі тарап денсаулық сақтау саласына да инновациялық медициналық технологияларды енгізуді жоспарлап отыр. Шымкент қаласының басшылығы Елорданың халықаралық дәрежедегі іс-шаралар өткізудегі тәжірибесін де қолдануды көздейді. Астана Шымкенттің 2020 жылғы ТМД елдерінің мәдени астанасы жылына арналған іс-шараларға дайындық барысына да атсалысады.
Астана
Жер аумағы 79 733 га
Халық саны 1 млн адам2018 жылға қала бюджеті:
кірістер – 258 млрд тг
шығындар – 236 млрд тг
Жұмыссыздық – 4,6%
Орташа айлық жалақы 223 533 тг
2018 жылдың алғашқы үш айында өндірілген өнеркәсіп
өнімінің көлемі – 195,6 млрд тгЖаңа пәтер бағасы (2017 жыл) – 324 098 тг/ш.м
Екінші нарықтағы пәтер бағасы (2017 жыл) – 339 990 тг/ш.м
Ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы (2018 жыл, мамыр) – 30 580 тг
Астаналық жобалаушылар жергілікті мамандарға ғимараттар мен үйлердің құрылысын жоспарлаудың соңғы әдістеріне, жасыл желек пен ландшафт дизайнының жаңа технологияларын ендіруге, қала аумағын көгалдандыру мен заманауи аялдама кешендерін салуға көмектеседі. Қалалық әкімдік жұмысына «Project Management» жүйесі енгізілмек.
Меморандумға қол қоярдан алдын 29 маусымда Шымкент қалалық мәслихатының кезекті XXXII сессиясы өтті. Сессияға қатысқан Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов: «Енді жаңа басқармаларға әкімнің орынбасарларын тағайындауды бастаймыз. Бюджет те ұлғаяды, жұмыс да көбейеді. Бүкіл құрылымдық жүйе ауысады. Мақсатымыз – Астана, Алматы қалаларының деңгейіне барлық жағынан сәйкес болу. Біздің әкімдік қызметкерлері астаналық әріптестерімен тәжірибе алмасады. Құрылыс, сәулет, жол салу, тротуар төсеу, аулаларда балалар алаңқайларын жасау сияқты мәселелердің бәрі де басқаша болуы керек. Бұрын екі темірді дәнекерлеп қоя салсақ, енді олай болмайды. Қазір бәрі жаңа стандарттарға сай болуы қажет. Елбасымыздың Шымкент қаласын жоғары деңгейге жеткізу бойынша алдымызға қойған тапсырмалары бар. Соның бәрін қосылып, бірге жүзеге асырамыз. Бұған менің ешқандай күмәнім жоқ. Потенциал бар. Ресурс бар. Уәкілет бар. Енді тек қана жұмыс істеу керек. Жолымыз ақ болсын. Елбасының тапсырмасын орындауға бүкіл күш-жігерімізді жұмсаймыз» деген болатын.
Шымкент
Жер аумағы 116 280 га
Халық саны 1 млн адам2018 жылға қала бюджеті: кірістер – 116 257 588 мың теңге,
шығындар – 135 728 971 мың теңге;Жұмыссыздық – 5,4%
Орташа айлық жалақы 109 470 тг2018 жылдың алғашқы үш айында өндірілген өнеркәсіп
өнімінің көлемі – 144,9 млрд тгЖаңа пәтер бағасы (2017 жыл) – 305 722 тг/ш.м
Екінші нарықтағы пәтер бағасы (2017 жыл) – 165 024 тг/ш.м
Ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы (2018 жыл, мамыр) – 24 430 тг
Осы орайда биыл 20 жылдығы тойланатын Астана мен республикалық маңызы бар мәртебесі қала атанғанына екі аптаның жүзу болған Шымкенттің бірқатар әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша айырмашылығын lsm.kz сайтымен бірлесе салыстырылғандығы жоғарыда ерекше шрифтермен көрсетілген.
«Оңтүстік Рабат» газеті
№27, (407) 4 шілде 2018 ж.