Қауын-қарбыздың бағасы Шымкентте қымбат

Қауын -қарбыздың бағасы көтерме сауда орындарының өзінде қымбат. Алыпсатарлар Жетісайдан жеткізілген қарбызды келісі 60 теңгеден сатуда. Шардаралық шаруа қожалығының төрайымы қарбыз, қауынды қолжетімді бағамен
саудалауда.

Шардаралық Назира Қадырбаева өз өнімін сатуда

Назира Қадырбаева, Шардара ауданының шаруасы: «Егізқұм ауылдық округінде 27 гектар жеріміз бар. 12 гектар жер алқабына қауын қарбыз еккенбіз. Өнімімізді Шымкенттегі базарда сатудамыз. Қауын 60 теңгеден, қарбыз 40 теңгеден келісі. Диқан болған соң, ақшаның қадірін білеміз».

Базар әкімшілігі қарбыз қауындардың бағасы былтырғы осы кезеңдегі бағамен салыстырғанда едәуір жоғары екенін растап отыр. Тұрғындарды шошындырған да осы бағам. Күнгейліктер осы уақытқа дейін жеген қауын-қарбызы үшін қалтасынан қағылған емес. Өйткені өнімнің басым бөлігі базарға жетпей, егістіктен келісім бойынша Ресейге жүк көліктерімен жөнелтіліп жатыр дейді осындағылар.

Күлайым Күздеуова, базар қызметкері: «Бақша өнімдері биыл аздау екені рас. Сондықтан да қарбыз, қауынның бағасы  қымбатырақ. Бүгіннің өзінде өнім көп жеткізілгендіктен, баға біршама түсті. Басқа күндері баға шарықтап тұрды».

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бағаны нарықтың өзі реттейді, оны белгілеу құзырымызға жатпайды деп отыр. Сала мамандарының мәліметі бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты былтыр 405 мың тоннаны құраса, биыл одан да жоғары көрсеткішке қол жеткізбек.

Әбдібай Мұстафаев шаруаларды қолдайды

Әбдібай Мұстафаев, Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы: «Ең жоғары көрсеткішпен өнімдерін Мақтарал ауданы 280 мың тонна, оның ішінде 187,5 мың тонна қауын, 92,5 тонна қарбыз Ресей, Беларусь, Германия мен Балтық елдеріне жөнелтті».

Аграршылар «шаруалар өнімді кімге қалай сатамын десе де өз еркі. Өйткені маңдай терімен тапқан табысын шығындарын өтеуге, шаруашылығында жетіспеген құрал жабдықтары мен техникасын сатып алуға жұмсайды» дейді. Қаладағы жол бойында қарбызды 60-70, қауынды 150-170 теңгеден сатқан алыпсаталардың өз есебі бар. Олар сататын орынға, транспорт шығындарына кететін қаражатты өнімнің бағасынан алатыны жасырын емес.

P