Темір торға тоғытылған нәзікжандылар мектеп бағдарламасы негізінде білім алып, сауаттарын қайта арттырып жатыр. Кәнігі пән салалары ғана емес, кәсіптік білім және шет тілдерін де меңгеруге көшкен. Бұл жөнінде бүгін құзырлы орган және білім бөлімі өкілдерінің қатысуымен өткен жиында айтылды.
Мамандардың айтуынша, ИЧ-167/4 түзету мекемесіндегі әйелдер бостандыққа шыққанда абдырап қалмауы тиіс. Психологиялық және медициналық әлеуетін жақсартып, қоғамға сіңісуі маңызды. Бұл үшін қазір «Оңалту түрмесі» пилоттық жобасы қолға алынып, жүзеге асып жатыр екен. Аясында, жазасын өтеушілердің алдағы өмірі — жұмыспен қамтылуы, бостандықта тұрақтайтын мекен-жайымен қамтамасыз ету, әлеуметтік-құқықтық мәселелерін шешу көмектері кеңінен қамтылған.
Клавдия Вербицкая, жазасын өтеуші: «Біз өз мектебімізде математиканы, қазақ, ағылшын, неміс тілдерін үйреніп, білім алудамыз. Қазір 60 адам екі ауысыммен алмасып, оқып жүрміз. Берілген үй тапсырмасын да орындаймыз. Мәселен, соңғы сабағымыз биология пәні бойынша, «Мен осы жазды қалай өткізудемін?» тақырыбы аясында өрбіді. Бастысы, біз мұнда сауатымызды мейілінше арттыруға көштік».
ИЧ-167/4 түзету мекемесіндегі жазасын өтеушілер енді бостандыққа шыққанда да «Оңалту түрмесі» пилоттық жобасына жүгіне алады. Осы мақсатта, тиісті мемлекеттік мекемелер — білім, ішкі саясат, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау басқармалары да түгелімен түзілген келісімшарт негізінде, әлеуметтік көмектерге жұмылдырылады.
Мамандар жыл бұрын қабылданған бұл жоба сотталған азаматшалардың ертең еркіндікке шыққан соң, қайта қылмысқа бармауын құнттайды деп сенеді.