Шымкентте жаңа басқармалар құрылды

616

Апта басы жаңа тағайындаулармен басталды. Мәртебесі артқан шырайлы Шымқалада жаңа басқармалар құрылды. Алғашқы 5 басқарманы әзірге уақытша басшы міндетін атқарушылар басқарады. Бұл туралы бүгін қала активінің отырысында айтылды. Сонымен мегаполистің жаңа басқармаларын кімдер басқармақ?

Табиғи ресурстар және жер қойнауын пайдалану басқармасы басшысының міндетін атқарушы ретінде Ахмет Тәтібаев тағайындалды. Бұған дейін ол Абай ауданының әкімі қызметін атқарған болатын. Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының міндетін уақытша Тұрар Ахметов атқарады.

Еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының басшысы міндетін уақытша Бауыржан Қалжанов атқарады. Ол бұған дейін Әл Фараби ауданының әкімі болған-тын. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы етіп Нұрлан Қасымов тағайындалды. Архивтер, ақпараттандыру және мемлекеттік қызметтер көрсету басқармасы басшысының міндетін атқарушы етіп Айнұр Юсупова тағайындалды.