Шымкенттегі «Автонұр» базарында жұмыстың жүйеге қойылғанына алты жол болыпты. Осында нәпақасын тауып, отбасын асырағандардың арасында жерлестерімізбен бірге Қырғызстанның азаматтары да бар. Ірі сауда орындарының біріне айналған базарда қай елдің тауарлары көбірек сатылатынын да байқап қайтқан едік.
Шаһар тұрғыны Гүлзира Тәжиеваның саудамен айналысқанына бес жыл болыпты. Әйелдерге арналған тұрмыста киетін халаттар үнемі сұраныста дейді сатушы. Есесіне, қолжетімді бағадағы тауарларды ол көрші мемлекеттерден алып келеді.
Гүлзира Тәжиева: «Халаттарды Қырғызстан, Өзбекстаннан жеткіземіз. Қазақстандық өнімдер жоқ, барлығы Қырғызстан, Өзбекстан мен Қытайдан. Жас келіндер қызыл түсті халаттар сұрайды, әйелдер жазға жайлы жұқаларын таңдайды».
Міне тұтынушылардың бірі Дилара сонау Шардарадан келіпті. Шымкенттегі базарларда баға арзан дейді. Рахат Камалова Қырғызстанның азаматы. Базар ашылғаннан бері алты жыл бойы саудамен айналысып келеді. «Тапқан табысым кәсібімді дөңгелетуге жетеді. Тауарларды Бішкектен жеткіземіз»,- дейді ол.
Рахат Камалова, сатушы: «Қыздарға футболкаларды Бішкектен, Дордойдан алып келеміз. Кейбір кезде Пекиннің тауарлары да болады. Құдайға шүкір, сауда жаман емес».
Жергілікті тұрғын Сәуле Орынбасарова бас киім сатады. Саудада жүргеніне 20 жыл болыпты. «Тауардың бағасын адамдардың қазіргі жағдайын ескеріп қоямыз. Өйтпесек, саудамыз жүрмей қалады,- дейді.
Сәуле Орынбасарова, сатушы: «Көп қоспаймыз бұрынғыдай 15-20 мың емес, 4-5 мың қосамыз үстіне, құны 10 мыңнан 35-40 мыңға дейінгі бас киімдер бар. Халықтың да жағдайына қараймыз. Бас киімді Оренбург, Алматы, Қытайдан да жеткіземіз. Жаз айы той көп, құдалыққа, сыйлық ретінде алады «.
Байқағанымыз, базарда Қазақстанда шығарылған өнімдер жоқтың қасы. Мәселен, мына ерлердің ішкі киімі Шымкентте тігілген, алайда бағасы үнді өнімінен 3 есе қымбат.
Сатушылар «Заттар Түркиядан, Қырғызстаннан әкелінеді. Қазақстандық өнімдер де болады, бірақ қазір жоқ» — дейді.
Базарлап жүрген адамдардың арасында көрші өңірлерден арнайы Шымкентке келетіндер де бар екен. Сауда қатарларында тоқтатқан азаматымыз Тараздан.
Фазыл, Тараз қаласының түрғыны: «Шымкентте заттар алуға келеміз. Баға жақсы Таразбен салыстырғанда, арзан. Балаларымыз Шымкентте жұмыс істейді. Шымкенттіктер іскер ғой».
Жерлестеріміз жаңа кәсіпорындар ашылып өз өнімдерімізбен базарлар толықса, бағасы да шетелдік тауарлармен салыстырғанда едәуір арзан болатын еді деген пікірде.
Ұлбала Құлмаханбет, Арыс қаласының тұрғыны: «Өзімізде кәсіпорындар көп болса, жұмыс та болатын еді, өнімдердің өзіндік құнына да әсері болатын еді. Базарларда көрші Өзбекстан, Қырғызстан мен Қытайдың тауарлары қаптап кеткен».
Шіліңгір шілдеде сауданың мәз болмайтынын сатушылар жақсы біледі. Алайда айналысатын басқа кәсібі болмаған соң, осында қыстың аязында, жаздың аптап ыстығында жұмыс істеуге мәжбүр.