Шымкенттік кәсіпкерлер табиғи отынға 82 млн. теңге қарыз

348

Шымкенттік кәсіпкерлер көгілдір отынға 82 млн. теңге қарыз. Сондай-ақ, екі мыңнан аса коммуналдық мекемелер қолданған газы үшін ақы төлемеген. Ең сорақысы, соттың шешіміне құлақ аспайтындары да көп. Мамандар берешегі бар мекемелердің құбырын кесіп, жазалауға көшіпті.

Көгілдір отын таратушылардың ескертуіне пысқырмайтындардың бірі- Сандыбаев жеке кәсіпкерлігі. Кәсібін дөңгелетіп отырған иесі 1 млн. 300 мың теңге берешегі бар. Міндетті төлемді өтеуге құлық танытпағаны былай тұрсын, ажыратып кеткен газ құбырын өзі заңсыз қосып алуды әдетке айналдырыпты.

Келесі абонент табиғи газдан 10-шы рет ажыратылуда. Үйренгені соншалық, өз еркімен қосып алуды әдетке айналдырған. Бұл жолы «ҚазтрансгазАймақ» мекемесінің қызметкерлері байқап, жолын кесті.

Мамандар: «Бұл абонентке қатысты 25-ші маусымда сот шешім шығарды. Алайда осыған қарамастан өз еркімен қосылып газды тұтынуда. Шешім заңды күшіне енген бойда оны орындау үшін сот орындаушылар жұмысқа кіріседі».

Облыс бойынша тұтынған газ үшін төлемейтіндердің тізіміне 2175 кәсіпорын енгізілген. Олар 117 млн. теңгеге көгілдір газ қолданған. Борышкерлердің басым бөлігі шымкенттік кәсіпкерлер. Олардың қарызы 81 млн. теңге.

Асқар Шипеков, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ОҚӨФ бөлім басшысы: «Арыздарымен бірге қайта орталықтандырылған газ жүйесіне қосылу үшін 22 мың теңге бөлек төлейді. Сондықтан да берешектерді жинамай тез арада мерзімінде төлемдерді өтеуге шақырамыз».

Қарыздарын өтемесе, қақаған қыста көгілдір отынсыз қалады. Ыңғайсыздық өзгелерге де кедергісін тигізуі мүмкін. Мамандар коммуналдық төлемді дер кезінде өтеуге шақырады. Өйткені, газ операторлары тұтынған газдың жалпы көлемі бойынша тапсырыс жасайды.

Шынар Оразова