Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

«Нұр Отан» партиясының Мақтаарал аудандық филиалында аудан тұрғындарына арналған көшпелі қоғамдық қабылдау болып өтті. Жиынға аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов және облыстық мәслихат депутаттары, облыстық басқарма басшылары, аудандық дербес бөлім басшылары мен қала, кент, ауылдық округтердің әкімдері қатысты.

Қабылдауға ең бірінші болып кірген аудан тұрғыны Мұхаметжан Көмеков А.Қалыбеков ауылдық округіндегі газ мәселесін көтерді. Ол 2012-2015 жылдары газ құбыры тартылған округ әліге дейін газға қосылмағандығын жеткізді. Ал, бұл сұраққа жауап берген аудан әкімі Ж.Бейсенбаев тартылған газ құбырында қысым жоғары екендігін және қосымша трасса салу қажеттілігін айтты.

Ынтымақ ауылдық округі, Өркенді ауылының тұрғыны Амангелді Мырзакулов ауылдағы ауызсу мәселесі шегіне жеткенін жеткізді. Өңір басшысы Өркенді ауылындағы ауыз су мәселесін шешу үшін бюджеттен 20 миллион теңге қаржы қаралғандығын, құрылыс жұмыстары биыл басталып келесі жылы аяқталатындығын хабарлады. Сондай-ақ, Жамантай Қанайұлы Жаңа ауыл ауылдық окурігі, Қараой ауылындағы фелдьшерлік-аккушерлік пунктіне жаңадан ғимарат тұрғызып беруді өтінген Кузбакаров Курбаналиға ауданда салынатын модульді құрамалы медициналық пункттің біреуін Қараой ауылына салуға ықпал жасайтынын айтты.

Аудан әкімі тұрғын үй мұқтаждығымен келген 2 азаматқа бос қалған ескі мектеп ғимараттары жатақхана ретінде пайдаланылып жатқандығын, тұрғын үйге кезегі келгенше сонда тұруға болатынын жеткізді. Сондай-ақ, елді мекенге спорт алаңдарын, мәдениет үйлерін салу мәселесімен келген тұрғындарға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Н.Жолдасов мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында аталған нысандарды салуға болатынын және ол кәсіпкерлерге беріліп жатқан үлкен мүмкіндік екенін тілге тиек етті.

Қоғамдық қабылдау барысында мүгедектікке шығу мәселесімен келген 2 тұрғынға заң талаптары түсіндірілді. Сондай-ақ, жұмысқа тұру мәселесін көтергендерге аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы О.Дәндібаев жауап беріп, қазіргі таңда қоғамдық жұмысқа тұрғындарды тарту жүріп жатқанын және мемлекеттік бағдарлама аясында кәсіптік оқуды игеруге болатындығын түсіндірді.

Қабылдауда болған 15 азаматтың басым бөлігі ауызсу, жол, газ мәселесін қозғады. Қойған сұрақтарына қанағаттанарлық жауап алып, ризашылығын білдірді.