Түркістан облысы бюджетінің 80 пайызы дотация

649

Түркістан қаласында алғашқы өкілдіктер жұмысын бастады. Жаңа облыс орталығында қаржы министрлігінің аумақтық органдарының өкілдіктері ашылды. Бұл мемлекеттік кірістер органдарының Шымкенттен облыс орталығына көшінің алғашқы легі. Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Жансейіт Түмебаев пен қаржы министрлігінің өкілдері мен мәслихат депутаттары қатысты.

Аумақтық органдардың өкілдіктері Түркістан мемлекеттік кірістер басқармасының ғимаратына орналасты. Мақсат — республикалық орталықпен облыстың арасына дәнекер бола отырып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына жағдай жасау. Биздес өкілдеріне сапалы қызмет көрсету.

Әлібек Тілегенов, Түркістан облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы: «Бізде барлық қолайлы жағдай жасалған. Қазір қызметтердің дені цифрлық форматта жүзеге асады. Ол үшін бізде бәрі қаралған».

 

Жансейіт Түймебаев аудан әкімдері мен мемлекеттік кірістер саласы өкілдерінің басын қосты. Облыс бюджетін қомақты етудің жолдарын қарастырды. Департамент өкілдерінің сөзіне қарағанда, биыл қазынаға түскен қаражат былтырғымен салыстырған 3 пайызға артыпты. Кіріс көзі де жеткілікті екен. Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері кей пысықайлардың сауда үйлері, салтанат сарайлары сияқты мүліктердің құнын нарықтағыдан 10-20 есеге дейін төмендететінін де жасырмайды. Салыққа артық шығындалмау үшін, әрине. Төленеуі тиіс бұл төлемдерден облыс әкімі де хабардар болып шықты.

Жансейіт Түймебаев, Түркістан облысының әкімі: «Түркістан облысы бюджетінің 80 пайызы дотация арқылы келеді. Біз дотацияны азайту мақсатында салықты уақытылы төлеуіміз керек. Кәсіпкерлер табысын жасырмай, салығын заңға сәйкес төлеп, жанашырлық танытуға тиіс. Мысалы, облыстағы 190 қонақ үйден небәрі 68 млн. теңге салық түссе, 436 кәсіпкер салықты жасырып отыр. Өңір тұрғындарының көлік салығына қарызы 1 млрд. теңгеге жеткен. Бұл — ойланарлық жағдай. Департамент басшысы көптеген мәселерді атап өтті. Олардың бәрін бақылауда ұстап, жұмысты ширатқаны жөн».

Бүгінде бюджетті толтыруға басымдық беріліп отыр. Сол үшін барлық аудандарда жылжымайтын мүліктерді түгендеу жүргізіледі. Бұл шаралар қосымша кірістер әкелуге себеп болмақ.