Түркістан қаласына жаңадан көшіп барған Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Әлібек Тілегенов алғашқы жартыжылдықты қорытындылап, баяндама жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте «көлеңкелі экономикамен» күресудің нәтижелі жұмыстары сөз болды. Департамент басшысының айтуынша, ағымдағы жылдың алғашқы 6 айында мемлекеттік бюджет жоспары 103% орындалып, нақты 151 млрд теңге өндірілген. О
блыстың сыртқы сауда айналымы 1 млрд 249 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда тауар айналымы 322 млн АҚШ долларына немесе 35 пайызға ұлғайған. Жергілікті атқарушы және құзіретті органдармен бірлесе атқарған жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бюджетке қосымша анықталған ішкі резервтер есебінен жалпы 13,2 млрд теңге өндірілді. Сондай-ақ, департамент басшысы қосымша кіріс көздерін анықтау жұмыстары жүргізілсе, салық салу базасын кеңейтуге мүмкіндіктер бар екенін нақты дәлелдермен айтып өтті.
Атап айтқанда, сауда орындары мен салтанат сарайларының (тойханалар) салықты уақтылы әрі заңға сәйкес төлеуін қадағалаған жөн. Мәселен, салық төлеу бойынша «Алатау», «Сұлтан» және басқа да салтанат сарайларынан кемшіліктер анықталып отыр. Ірі демалыс орындары да заңнан аттап өтіп, небір қулықтарға барып жүр. Аудан, қала аумағында жергілікті бюджет есебінен жаңартылған немесе жаңадан тартылған газ, су желілерінің уақтылы тиісті шаруашылық субъектілерінің балансына өткізілмеуінен мүлік және жер салықтары жоғалуда. Осы және өзге де жұмыстарды баяндаған департамент басшысы заңсыздықтармен күресу бағытындағы іс-шаралар жалғасатынын айтты.
Бұл ретте облыс әкімі Жансейіт Түймебаев салық және бюджетке түсетін басқа да төлемдердің мемлекет бюджетіне толық және уақытылы түсуі мемлекетіміздің экономикалық дамуында, қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуда маңызы жоғары екенін айтты. Салықты уақтылы жинау, «көлеңкелі экономикамен» күрес жүргізу жөнінде тиісті уәкілетті және атқарушы органдарға нақты тапсырмалар берді.
«Түркістан облысы бюджетінің 80 пайызы дотация арқылы келеді. Біз дотацияны азайту мақсатында салықты уақтылы төлеуіміз керек. Кәсіпкерлер табысын жасырмай, салығын заңға сәйкес төлеп, жанашырлық танытуға тиіс. Мысалы, облыстағы 190 қонақ үйден небәрі 68 млн теңге салық түссе, 436 кәсіпкер салықты жасырып отыр.
Өңір тұрғындарының көлік салығына қарызы 1 млрд теңгеге жеткен. Бұл — ойланарлық жағдай. Департамент басшысы көптеген мәселерді атап өтті. Олардың бәрін бақылауда ұстап, жұмысты ширатқан жөн» , — деді Жансейіт Түймебаев.