Түркістанда облыс мәслихатының алғашқы сессиясы өтті

386
Облыс мәслиххатының кезектен тыс 26-шы сессиясы алғаш рет Түркістанда өтті

Түркістан облысының орталығы Түркістанда алғашқы өткізілген кезектен тыс 26-шы сессияны жүргізу осы өлкеден сайланған облыс мәслихатының депутаты Базарбай Мұсабековке бұйырды. Төраға күн тәртібіне енгізілген 6 мәселені дауысқа қойып олардың маңыздылығына тоқталды.

Базарбай Мұсабеков, төраға, облыс мәслихатының депутаты: «Тарихи оқиғаға куәміз. Оңтүстік Қазақстан облысын басқару схемасы туралы ОҚО мәслихатының 2017 жылғы 23 қазандағы №15/187-ҮІ шешіміне  өзгерістер енгізу жөнінде шешім қабылдауымыз қажет».

Облыстың Түркістан болып аталуына байланысты басқару схемасынан бастап, облыс әкімдігінің дербес құрамы, әкімшілік -аумақтық құрылысына да бірқатар өзгерістер енгізілді. Сессияның отырысына қатысқан Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жоспарланған қыруар жобаларды жүзеге асыруға депутаттарды шақырды.

«10-20 жылдан кейін Түркістанда  бастама алған тірліктерді еске аламыз. Зәулім тұрғын үйлер, әлеуметтік, мәдени нысандар бой көтереді. Халықтың тұрмысы жақсарады. Елбасының бастамасын қолдап, білек сыбана жұмысқа кірісуіміз керек».

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев облыс мәслихатының депутаты Нұрмахан Жолдасовқа «Астанаға 20 жыл» мерекелік медалін табыс етті

Оңтүстіктің бетке тұтар халық қалаулыларының өңірдің өркендеуіне сүбелі үлес қосуға дәрмені жететініне күмән жоқ. Есесіне, сессияға қатысқан 50 депутаттың 46-на ҚР және Астананың қалыптасуы және дамуына елеулі үлес қосқан үшін «Астанаға 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.

Тарихи сессияны «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталған Абдурашит Омаров пен отырарлық Мырзахан Манапов, облыс мәслихатының  «Құрмет грамотасымен» наградталған 8 жерлесіміз ұмытпасы анық.