Түркістанда тоқ тартатын көп қабатты үй адамдардың өмірін жалмауда

3129

Түркістанда тоқ тартатын көп қабатты үй бар. Мемлекеттік бағдарлама арқылы берілген бес қабатты үйде тұрғындар қорқынышпен өмір сүруде. Сорақысы сол, жақында бұл үйдегі пәтерлердің бірінде 15 жастағы жеткіншек тоқ ұрып қайтыс болды. Жұмбақ жағдайда қаза болған жасөспірімнің туыстары мемлекеттен берілген баспананың перзентінің өліміне себепкер болғанына наразы.

15 жастағы Арайлым ас үйді тазалап жүріп, мерт болды. Бір қызығы жеткіншек электр сымдары тартылмаған жерде тоқ ұрып, қаза болған. Жұмбақ жағдайда жан тапсырған перзентінің өлімінен кейін ата-анасы есін жия алмай жүр.

Бауыржан Налибаев, марқұмның әкесі: «Бір қолында шүберек болған. Сол шүберекпен жоғарыдағы құбырды сүртпек болыпты. Сүртіп жатып, құбырға жабысып қалған. Осы кезде қызымның қасында келінім болған. Келінім қатты дауыс шыққан қызымды тартып алмақшы болғанда оны да тоқ ұрған. Кейін қызымды төбеден жерге түсірген».

Тоқ ұрған жеткіншектің туыстары алғашқыда қыздарының өліміне сенбепті. Тіпті олар 15 жастағы Арайлымның денесін көтеріп, далаға шығарып, қайта тіріліп кете ме деген үмітпен топыраққа көмген.

Бауыржан Налибаев, марқұмның әкесі: «Негізі пендеміз ғой, тоқ ұрған адамды жерге көмсе, жер тоқты өзі тартып алып кетеді деген үмтте болдық. Бір күн бойы күттік. Мерт болғанына толық көзіміз жеткен соң, ертесіне тергеушіні шақырып денесін мәйітханаға тапсырдық».

Көп қабатты үйде тұратын тұрғындардың айтуынша, бұл алғашқы қайғылы жағдай емес. Осы үйдегі бірнеше тұрғындарды тоқ ұрып, мерт бола жаздапты. Өмірлері үшін биліктен араша сұраған тұрғындар, нәтиже шықпағанын айтып шарқ ұрды. Былтыр ғана баспанаға қол жеткізгендер үйлерін тастап кетейін десе, баратын жерлері жоқ, оған жылдар бойы төлейтін несиелерін тағы қосыңыз.

Гүлзада Мырзабекова, Түркістан қаласының тұрғыны: «Талап ететінбіз, бізге қауіпсіз жағдай жасап берсін. Бір күні тағы біреуіміз кетіп қалармыз. Бұл тірлік жақсы емес. Оларға не тұрады? Электр желісін жерге тұйықтау жасап берсе болады. Біз соны талап етеміз».

Бұл талаптарын үйді тұрғызған мердігер «Атаев» ЖШС-нің басшысына төтесінен қойған. Олар қандай да бір нәтиже шығарудың орнына жауаптан жалтарған. Ол аздай, қайғылы оқиға орын алған отбасының қайғысына ортақтасып, көңіл де сұрамаған.

Тұрғындардың бұл күдігі бекер емес. 15 жасар Арайлымның электржарақатынан қайтыс болғанын дәрігерлер растап берген. Дегенмен оқиға орнында тексеру жұмыстарын жүргізген мамандар көп қабатты үйдегі электр жүйесінен ақау таппапты.

Жұмбақ жағдайда қаза тапқан жеткіншектің ісі бойынша ІІД тексеру жұмыстарын жүргізуде. Құзырлылардың тексерісінен кейін бұл оқиғаның нақты мән жайы белгілі болмақ. Ал айдың күннің аманында перзентінен айырылып қалған отбасы тексеру жұмыстарының ашық жүргізілуін талап етіп отыр. Сондай-ақ, бұл жағдайға «Отырар TV» телеарнасының түсірілім тобы араласқан соң, марқұм жеткіншектің отбасына қалалық әкімдік тарапынан материалдық көмек берілетін болыпты.

Лаура Мамырова