Түркістанның бас жоспарын жасауда үздік сәулетшіге байқау жарияланды

457

Бұл туралы Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту бойынша бас жоспары мен тұжырымдамасын әзірлеу конкурсын ұйымдастыру және өткізу бойынша комиссия мүшелері жария етті.

Комиссия облыс әкімдігімен бірлесе отырып, осындай халықаралық байқау жариялап отыр. Конкурсқа кәсіби сәулетшілер және қала құрылысын жүзеге асыру мамандары (жеке және заңды тұлғалар) қатыса алады. Байқауда Түркістан қаласының ұзақ мерзімді аумақтық дамуы, мәдени-тарихи мұрасының сақталуы бойынша сапалы шешімдер қабылданатын болады. Шараның өту мерзімі 11 шілдеден бастап 11 тамыз аралығында деп белгіленіп отыр.

Конкурсқа ұсынылған жобалар көрмесі Түркістан қаласында 15-20 тамыз аралығында өтеді деп жоспарланған. Ал, жүлде қоры 40 млн теңгені құрап отыр. Атап айтқанда, І-орынға 25 млн теңге деп белгіленсе, ІІ-орынға 10 млн теңге берілмек. ІІІ-орын алған 5 млн. теңгеге қол жеткізеді.