Темір жол тағы бір жеткіншектің өліміне себеп болды. Манкент стансасында белгіленбеген жерден өтпек болған 16 жастағы жасөспірім пойыздың астына түсіп кеткен. Қауіпті аймақтағы қайғылы жағдайлардың жиілеп кеткеніне алаңдаулы жауаптылар бүгін халықпен кездесті. Түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл шаралар қаншалықты тиімді? Темір жол аумағында ажал құшқандар саны неге жыл санап артып барады?
Жауаптылардың сөзіне қарағанда жазатайым жағдай үстіміздегі жылдың 17 -шілдеде орын алған. Куәгерлер жеткіншек Манкент станциясына келіп тоқтаған пойыздың астынан еңкейіп өткенде келесі жолақта жүйткіп келе жатқан пойыздың астына түсіп, оқиға орнында тіл тартпай кеткен.
Құмра Азимова, тұрғын: «10-сыныпқа баратын бозбала еді. Ауылға енді ғана көшіп келген. Әлі бұл жерді білмейді. Пойыздың астынан ары-бері ойнап жүреді балалар. Осы жерде сондайды көп байқаймын».
Апатты жағдайдан кейін Шымкент станциясындағы ішкі істер желілік бөлімі өкілдері мен теміржол саласының қызметкерлері халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтті. Айтуларынша, тұрғындардың темір жол торабын белгіленбеген жерден кесіп өтуі тіркелген қайғылы оқиғалардың барлығына дерлік себеп болып отыр. Осыны түсіндірмек болған жауаптыларға тұрғындар уәждерін жаудырды. Жергілікті халық «жазатайым жағдайлар жиі орын алатын Манкент станциясын қоршау қажеттігін жылда айтамыз, нәтиже жоқ» дейді.
Шарипа Маралбаева, тұрғын: «Біреулер өлген балаларын көміп жатқанда ақша жоқ деген болмайды. Үкімет ақша тауып, қоршау салу керек. Жылда айтамыз осыны. Әлі күнге қолға алынбай келеді».
Дегенмен, жауаптылар қоршаудан да қайран жоқ деп отыр. Темір жолдың қауіпті аймақ екенін ескере бермейтін асығыс жұрт көпірді пайдаланбай, кез-келген жерден кесіп өтеді. Айта кетейік, былтырғы жылы елімізде тіркелген темір жол аумағындағы 18 қайғылы жағдайдың 5-уі күнгейде орын алған.
Асхат Ақбердиев, Манкент станциясы басшысының міндетін атқарушы: «Үш жағдай Манкентте орын алды. Жыл басынан бері облыста темір жол бойында жарақат алғандардың саны 6- ға жетті».
Аида Махашева, Шымкент стансасының ішкі істер желілік бөлімі ювеналды полиция тобының инспекторы: «Қоршау қою аумаққа қарай әкімдіктерге жүктелген. Шымкентте 40 шақырымға қоршау қойылды. Ол жерден өтпейді адамдар».
Статистиканы сараптап шыққан жауаптылар темір жол бойындағы жарақат алу жағдайларының жиілеуі тұрғындардың қауіпсіздік шараларына немқұрайлы қарауы себеп дейді. Қауіпті аймақта тіркелген оқиғалардың соңы көбіне ажал құшумен аяқталып, аман қалғандары ауыр соққыдан мүгедек болып қалады дейді.
Мақпал Рысбаева