Жазғы демалысты қалай ұйымдастырамыз?

2317

Жазғы демалыс. Теңіз жағалауы. Яхтамен саяхаттау… Қазір нағыз демалыс мезгілі. Шет елдерде демалу көпшілік үшін
арман шығар. Дегенмен өз жерімізде де жақсы демалуға болатын орындар жеткілікті. Тек дұрыс таңдау жасай білсеңіз болғаны. Арзаны… Қымбаты… Қалтаңызға қарай, демалысыңызды жоспарлай аласыз. Сонымен отандық
демалыс орындарының бағасы қандай? Шет елдерде ше? Бағамдап көрелік…

Жазғы демалыстың түрлері…
Бүгінде өңірімізде «Ұлы Жібек жолы» бойымен халықаралық және аралас туризмді дамыту мақсаты тұр. Соған орай, аймақта емдеу-сауықтыру, тау шаңғысы, экологиялық, тарихи-мәдени, курортты жағалау туризмі жолға қойылып келеді. Туристік саланы дамыту концепциясына орай Түркістан облысы «Ұлы Жібек жолының жүрегі» деп танылған. Сондықтан да бүгінде осы саланың тамырына жан бітіп, бойына қан жүгіре бастады. Төрт бағытқа басымдық берілмек. Ең алдымен әйгілі «Сарыағаш» курорттық қалашығы якорлық жоба деп танылып отыр. «Қасқасу» тау шаңғы кешені, «Шардара» жағажай, «Көне Түркістан» жобаларын дамытуға басымдық берілмек.
Жасырары жоқ бүгінде емдеу сауықтыру демалыс түріне басымдық беретіндер баршылық. Әрі демалыс, әрі емделу. Одан бөлек, тарихи яғни, киелі орындарға зиярат етіп баратындардың да қарасы қалың. Ал тауға барып, шаңғы тебуге деген ынтасы барлар азшылық. Отбасылық демалысқа баруға сұранып тұрған жерлер бізде көп. Тым көп. Бірақ бағасы аспандағы айға ақырып тұр. Дегенмен де саралап көрелік.
Төле би ауданындағы Біркөлік шатқалындағы тау жағалай орналасқан демалыс орындарында суға шомылып, таудың таза ауасын жұтып, салқын самалмен демалу дүниенің рахаты. Мұнда демалу қымбатқа да, арзанға да түсуі мүмкін. Олай деуімізге себеп, бар жағдайы жасалған демалыс орындарының бағасы арзан емес. Бір күндік ақы 12 мың теңгеден, 24 мың теңгеге дейін барады. Бұдан бөлек, Сайрам су, Ақ мешіт, Боралдай бар. Түркістан қалашығын аралап, тарихи маршрутқа үлесіңізді қоссаңыз болады. Сарыағашқа әрі демалуға, әрі ем алуға мүмкіндік мол. Ондағы курорт, санаторийлердің бағасы тәулігіне 7 мың теңгеден басталып, 25-50 мың теңгеге дейін барады. Түлкібас ауданында да демалыс орындары көбейіп келеді. Ал қалаға ең жақын маң Ақсукентте демалыс орындары жетіп артылады. Суға шомылу, кәуап пісіріп, табиғат аясында демаласыз ба таңдау өзіңізде. Аквасаябақтарда кіру бағасы 1000-1500 теңгеден басталады. Біркөлік шатқалында демалыс қымбат десеңіз, сол маңдағы ауыл тұрғындары туризм саласына үлес қосуда. Яғни, «саумалмен емдеу» курсын ұсына алады. Бір тәулікке жамбаспұлын төлесеңіз болғаны. Ыстық таба нан, табиғи таза өнімнен дайындалған тағамдар, құрт, май да бар. Атпен серуендеуге де болады. Ал саумалды көз алдыңызда сауып, жылы күйінде ұсынады. Ауылдағы ағайында әлі де ынсап бар. Саумалдың бір кесесі 300 теңге, қоналқасы 2 мың теңгеден, тамағына бөлек төлейсіз. Әрі арзан, әрі тиімді.
Сонымен қатар, тауға, зиярат ету орындарына бір, екі күндік турлар ұйымдастыратын агенттіктер де көбейіп келеді. Бағасы да анау айтқандай қымбат емес. 20 адамдық топпен шығу үшін адам басына 2-3 мың теңгенің төңірегінде.
Отбасымен демалғанды ұнататындардың басым бөлігі қазан ошағын арқалап, тауға шығып, Сайрам судың бойында суға шомылуына болады. Шомылу тегін, тау бөктеріне шығуға аз маз пұл төлейсіз.

Азамат Нұрымбетов, Облыстық туризм басқармасының туризмді дамыту бөлімінің жетекшісі:
– Түркістан облысында 2 туристік бағыт құрылуда. Сафари бағытын дамыту жоспарда бар. Негізінде туризм индустриясы қарқынды дамып келеді. Өңірімізге жарты жылдық мәлімет бойынша 127 988 турист келген. Бұл былтырғыға қарағанда 55 пайызға артық. Түркістандағы Қ.А.Ясауи мавзолейіне жылына 1 миллионнан артық турист келеді, ал Сарыағашқа 80 мың адам ем алып кетеді.

Қазақстанның қай жерінде демалған дұрыс?
Қазақстандықтардың басым бөлігі демалуды ұнататын Бурабай курорттық аймағында Шымкенттегідей «күлкілі» бағалар жоқ. Ең арзан қонақ үй, емдік процедуралары, саяхат маршруттарын қосқанда тәулігіне 30 мың теңгеден басталады. Тіпті одан да қымбаттары бар. Сондықтан да «Бурабайда ем алғанша, шетелде демалған жақсы» деп айтатындар да жоқ емес. Кендірлі, Алакөл, Балқашта да курорттар аз емес. Алакөл көлінде бір күндік тамақтану құнын ескермегенде 3 мың теңгеден бастап, 15 000 теңгеге жетеді. 10 күндік демалыс үшін қалтаңыздан 150 000 теңге суырып беруіңіз керек. Оның үстіне баға күннен күнге қымбаттап бара жатқанын да ескеріңіз. Зеренді және Қарқаралы елді мекендерінде демалыс орындарында баға аспандап тұр. Тәулігіне демалатын орын және тамақтанумен бірге 27 500 теңге. Қазақстандықтардың ең көп баратын жерлері «Көкшетау» ұлттық саябағы. Жасыл желекке оранған аумақта демалушылар этно-шоуды тамашалап атпен серуендей алады. Қапал-Арасан – Жоңғар Алатау тауларының баурайында орналасқан танымал курортта демалғанды ұнататындар да басым.

Шетел қалай, шетел…
Кейіпкеріміз Алмаз Құнанбаев таяуда ғана отбасымен бірге Хайнань аралдарына барып демалып қайтты. «Қалай екен?» дейміз қызығушылықпен. «Керемет, тіпті сөзбен айтып жеткізе алмаймын» дейді. Ғажап табиғат, салқын су, ең бастысы қызмет көрсетулерінде мін жоқ көрінеді. 7 адамға жолдама алған екен, адам басына 130 доллардан түсіпті. Акцияның арқасында осындай жеңілдікке қол жеткізген. Ол жаққа виза керек емес көрінеді. Турфирма арқылы барған соң оның қажеті болмапты. Тек барған аймақтан басқа жағына бара алмайсың. Шектеуі сол ғана. Төлқұжатты құнттап, кеденге барып «клейка» яғни, ата-анасының төлқұжатына баланың суретін жапсырып, тіркетіп алған. Туристік фирма өкілдері коммуналдық төлем, несие қарызы, басқа да қарыздарының жоқтығын тексеріп, дұрыстап алу жөнінде кеңес берген. Еліміздегі ішкі туризм мен шетелді салыстырып, аспан мен жердей деген баға берді.
«Бір байқағаным бізде шетелдегідей туризм саласы дамымаған. Бір ғана мына тұрған Сарыағашқа барып демалып қайтыңызшы. Ең арзаны дегеніңіз орташа есеппен 140 мың теңгеге түседі. Одан бөлек қалтаңда тағы да ақшаң болуы керек. Ал Қытайда әлдеқайда арзан. Мәселен, шетелге барғанда әлбетте туыс-туғандарға кәдесый алып келесің. Соншалықты қымбат та емес. Сол жақтағыларымен сөйлескенімде «Сендердің жолдамаларыңның қаржысы маңызды емес, осында қалдырған ақшаларың құнды» деп айтады. Яғни, онда барғанда сауда жасайсың. Заттар сатып аласың. Бірнеше нөлі бар ақшаны сол жақта қалдырасың. Аз дегенде бір адам 1 000 доллар салып барады. Ал қалталылар 10 000 доллардан кем апармайды. Сонда кем дегенде Қазақстаннан аптасына 200 000 доллар, ал ай сайын 1-1,5 млн доллар солардың туризмін дамытуға үлес қосып жатыр екенбіз» дейді ол.
Рас бүгінде отандастарымыз Түркия, Тайланд, Оңтүстік Шығыс Азия елдеріне барып демалғанды ұнатады. Мына тұрған дейтін Өзбекстан мен Қырғызстанға ат басын жиі бұратындар да бар. Әсіресе, Алакөлден көрі Ыстықкөлде демалғанды ұнататындардың қарасы тіптен қалың.

«Шетелдік жолдамалар жазда қымбаттайды»
Ал енді туристік агенттіктердің де өз айтары бар. Бақтияр Разақбаев – қаламыздағы туристік агенттіктің өкілі. Жыл басынан бері шымкенттіктердің Египет пен Түркияға туристік жолдамаға деген сұранысы көбейгенін айтады. Былтырға қарағанда 50 пайызға көтеріліпті.
«Кейбіреулер ойлайтындай Еуропа елдеріне жолдама соншалықты қымбат емес. Бірақ виза алу қиын. Виза алу үшін сондағы елшілігіне барып, өтініш жазып, кезекке тұру керек. Жұмыс істейтін жерінен анықтама талап етеді. Содан кейін саусақ таңбасын алады. Өтініш берген соң белгілі бір уақыт аралығында арнайы конвертпен жібереді. Көбіне бас тарту келеді. Сондықтан да біз виза алғаннан кейін ғана құжаттарды рәсімдейміз» дейді Разақбаев.
Бізді ондағы баға қызықтырған. Сауалымыз жауапсыз қалған жоқ: «Мәселен, Египетке 5 түн, 6 күн турға барған жағдайда 425 еуроға түседі. Екі адамға. Дегенмен нағыз маусым кезінде яғни, жаз айларында баға қымбаттап кетеді. Сондықтан да қаңтар-ақпан айларында брондап қою керек. Арзанырақ түседі. Биыл Түркияға Ресейден 3 млн, Еуропа елдерінен 5 млн турист келеді деп қонақ үйлер бағаларын 35 пайызға көтеріп жіберді. Қазір екі адамның жолдамасы 2 000 АҚШ доллары болса, шілдеде 3-3,5 АҚШ долларына көтеріледі. Қонақ үйлердің 80 пайызында орындары бос емес. Маусым кезінде бағаға екі есе қосып сатады. Біздің компанияның атынан медициналық сақтандыру тегін. Саяхаттаушыларға тегін сыйлаймыз».

Түркістан облысында:
190 қонақ үй,
44 санаторий,
61 демалыс
орындары бар.

Шетелге шығарда нені білу керек?
Ал шетелге шығып демалушыларға құжат құнттауда нені ескеру керек деген сауалымызға: «Шетелге шығатын төлқұжатының мерзімі бітіп қалмаған болуы керек. Сосынғысын ең басты мәселе салықтан, алимент, басқа да төлемдерден қарызы болмауы қажет. Барлығын тексеріп, қарызы болса ертерек құтылуына кеңес береміз. Өйткені әуежайда қарызы бар адамды шетелге шығармай ұстап қалады. Осындай кедергілер болмауы үшін барлығын да алдын ала тексереміз. Содан кейін ғана келісімшартқа тұрамыз. Визасыз Дубайға, Түркияға, Қытайға баруға болады. Ал Еуропа елдеріне визасыз кіргізбейді».
Көпшілікті қызықтыратын «күйіп тұрған турлар» (горящие туры) ғой. «Иә, мұндай турлар аракідік болып тұрады. Ол тек ұшаққа ғана жеңілдік жасайды. Мәселен, 500 доллардан сатқан билетті 150 долларға түсіруі мүмкін. Ұшып баруы, қайтуы, қонақ үй, тамақтануы, саяхаттық маршруттары бар. Бірақ маусым қызып тұрған шақта бола қояды деп айта алмаймын. Оның үстіне маусым кезінде ешқандай да жеңілдік жоқ. Қазір қонақүйлер қымбат» деп жауап берді.
Бүгінде алаяқ фирмаларға алданып қалып, шетелге ұша алмай, барса қайта алмай қалып жатқандар бар. Осындай олқылық орын алмауы үшін, алаяқтардан сақтанудың жолын да сұрай кеттік. Жауап татымды шықты. «Туристік агенттіктерге алданып қалмау үшін ең алдымен жақсылап зерттеп алу керек. Таныстарыңыздан, шетелге демалуға көп баратындардан ақыл кеңес сұрау да артықтық етпейді. Агенттікпен келісімшартқа тұру керек. Егер қыркүйек айында демалысты жоспарласаңыз онда екі ай бұрын яғни, шілде айында турды сатып алып, 30 пайыз ақшасын төлеп қою керек. Ешқашан да 100 пайыз төлем жасамау керек. Квитанциясын сақтап қоюды ұмытпаңыз. Ұшуға 10 күн қалғанда толық төлесе болады. Турагенттіктерге алданып қалмас үшін құжатқа абай болу керек. Тым арзан сататын агенттіктерден қорқу керек. Арзанға сатып ертеңгі күні орнын сипап қалуы да ғажап емес» дейді.

Шетелдік демалыс орындарына жолдамалардың бағасы
(1 адамға 7-9 күнге)

Таиланд –
183 000 теңге

Тунис –
200 000 теңге

Египет –
170 000 теңге

Грузия –
160 000 теңге

Сингапур –
300 000 теңге

Анталия –
282 000 теңге

Кемер –
215 000 теңге

Бали –
315 000 теңге

Туризмді дамытуға не кедергі?
Бүгінгі күні доллардың шектен тыс қымбаттауы шетелге барып демалушылар мен ем алушылардың қалтасын қақтап тастайтыны рас. Мұның тиімді жағы да бар. Қалай дерсіз? Бұл ішкі туризмді дамытуға мол мүмкіндік беріп отыр. Алайда саланы алға сүйрейтін туризм индустриясы қалыптаспаған. Туризм потенциалын жоғары деңгейде дамыту үшін салаға кәсіби менеджмент пен маркетинг ендірілуі қажет. Жұмыс жүріп жатыр ғой дерсіз. Жоқ. Өз деңгейінде емес. Теориялық білімі топты жарып тұрғанымен, іс жүзінде мандытып іс жүргізе алмайтындардан не қайыр?
Өз алдына отау құрып, бөлек еншісін алған өңірдегі Туризм басқармаларынан жұмыстарының нәтижесін сұрайтын уақыт жетті. Сақырлаған сандардан келген, кеткен туристерге санақ жүргізуден аспайтын жұмыстың қажеті жоқ. Нәтиже керек, нәтиже.

Гүлжан ЖҰМАШ

«Оңтүстік Рабат» газеті

№27, 4 ШІЛДЕ 2018 ж.