Құдалыққа барғандар қымыздан уланған

790

Жуырда ғана Шымкенттегі Қайтпас шағынауданындағы мейрамханалардың біріне құдалыққа барған 11 адамның уланып, ауруханаға жеткізілгені жайлы хабарлаған болатынбыз. Олардың дені «балық жедік, қымыз іштік, бірақ неден екенін білмей отырмыз» деген еді.

Зертханалық тексерулердің нәтижесінде құдалыққа барған 11 адам қымыздан уланған болып шықты. Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментіндегілер зертханалық зерттеу қорытындысына сүйене отырып, өткір ішек жұқпасының өзегі қымыздан деп отыр.

Алдарқұл Ахметов, Түркістан облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары: «Қымыздан ішек таяқшалар тобының бактериялары анықталып отыр. Төлеби ауданының азаматы 40 литр қымыз алып келген. Ал қымызды дұрыстап жуылмаған, лас полиэтиленді ыдыстарға құйған. Соның салдарынан адамдар уланып қалған».

Бірден 11 адам уланып ауруханаға түскеннен кейін мамандар мейрамхананы толық тексеруден өткізген болатын. Зертханалық тексеру нәтижелесінде мейрамханада санитарлық талаптардың өрескел бұзу жағдайлары орын алғандығы анықталды. Ең қауіптісі ет өнімдерінің қауіпсіздігін растайтын құжаттар болмаған. Кәсіпкерге бар болғаны 20 АЕК көлемінде ғана айыппұл салынды.