Исі мұсылман әлемінің асыға күткен қасиетті Құрбан айт намазы оқылды. Шымкент қаласында орналасқан орталық мешітке ағылып келушілердің санында шек болмады.
Айтулы шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабидулла Әбдірахымов облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов бастаған ел ағалары арнайы қатысып, құттықтау лебіздерін білдірді.

Осыдан кейін өкіл имам Бақтыбай қажы Бейсенбаев тұщымды уағыз айтып, ҚМДБ төрағасы Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазреттің құттықтау хатын жиналған жамағатқа оқып берді.

Құрбан айт намазынан кейін Шымкент қаласының әкімі Ғабидулла Әбдірахымов өз атынан құрбандыққа мал шалды. Мешіт ауласына тігілген киіз үйлерде мәртебелі қонақтар мен жамағатқа мерекелік дастархан жайылды.

Сондай-ақ, дін мен дәстүрімізді дәріптеу мақсатында мешіт ауласында ұлттық ойын түрлерінен сайыстар өткізілді. Атап айтқанда, кір тасын көтеру, арқан тарту, қол күрес және қой көтеру сынды ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға бағалы сый-сияпаттар берілді.

Айта кету керек, Шымкент қаласына қарасты 104 мешітте, яғни, Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандық орталық мешіттерінде құрбан айт мерекесі жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Мереке құтты болсын!

ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі