SONY DSC

Құрбан айт мерекесіне орай  Түркістан Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыстық түрік этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен қайырымдылық шарасы өтті.
Шымкенттегі «Нұр 777» тойханасында өткен іс-шарада 750-ге жуық көмекке мұқтаж жандарға және балалар үйлеріне құрбандық еті таратылды. Сонымен бірге, 100-ден астам әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға мерекелік дастархан жайылды.

«Құрбан айт мерекесі адамдардың ұлтына, дініне қарамай өзара сыйластықтың, достық пен бірліктің нығая түсуіне ықпал етеді. Рухани тазалықты, ізгілікті дәріптейтін мерекеде жүрегіне иман ұлаған әрбір жан айналасына қуаныш сыйлауға тырысады. Адамдар бір-біріне жақсылық тілеп, бір-бірінің үйінен дәм татады. Осындай айтулы мерекеден шет қалмай, көпшілікке жақсы көңіл-күй сыйласақ деген оймен бүгінгі іс-шараны ұйымдастырып отырмыз», — дейді облыстық түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Латифша Асанов.

Айта кету керек, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы қайырымдылық шараларын тұрықты ұйымдастырып келеді. Мәселен, былтыр ассамблеяның үйлестіруімен 952 қайырымдылық шара өткізіліп, мұқтаж жандарға 349 миллион теңгенің көмегі көрсетілсе, есепте тұратын 14 науқас балаға қажетті ем-дом үшін қаражат жиналды. Мұнан өзге табысты кәсіпкерлердің шеберлік дәрістері ұйымдастырылып, «Ассамблея асары», «Достық керуені», «Қайырымдылық – қайырлы іс», «Қазақ дастарқаны» сынды жобалар сәтімен іске асып келеді.