Қаладағы мектептердің оқу жылына дайындығы жіті тексерілуде

682

Қалалық білім басқармасы шаһардағы 127 мектептің жаңа оқу жылына дайындығын тексеруге кірісті. Құрамында мектеп директорлары, ата-аналар комитетінің мүшелері және санитар мамандар бар жұмысшы тобы күн сайын кесте бойынша оқу орындарын аралап, ондағы сынып бөлмелерін, спорт зал, асхана, дәрігерлер бөлмесі мен кітапханалардың жағдайын көруде. Топ мүшелерінің айтуынша, білім ошақтарында, әсіресе, өрт қауіпсіздігіне де көңіл бөлінеді.

Қаладағы №6 мектептің ұжымы жаңа оқу жылына оқушыларды қабылдауға дайынбыз дейді. Осыдан екі жыл бұрын бұл білім ошағында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген, сондықтан биыл ағымдағы жөндеумен шектелген. 400 мың тенгеден астам қаражатқа мектептің жылу жүйесі толығымен сығымдалып, сынып бөлмелерінің едендері сырланған.

Асхана мен спортзал әктеліп, тазартылған. Мектеп үлкен емес, сәйкесінше мыңдаған оқушы жоқ. Дегенмен, тазалықты сақтауға баса назар аударатын мектеп ұжымы барлық бөлмелерді жіті тазартуда.

Мектепке келген жұмысшы топ бірінші кезекте медбикенің бөлмесін көрді. Мұнда міндетті түрде қамтылуы тиіс дәрі — дәрмектерді, оның сақталатын орнын, ұжымның санитарлық кітапшаларын да тексерді. Санитар мамандар медбикенің біліктілігін де електен өткізді.

6 тамызда басталған қабылдау комиссиясының жұмысы 24-іне дейін созылады. Анықталған кемшіліктер осы уақыт ішінде жойылып, қалпына келтірілуі тиіс. Білім басқармасы мамандарының айтуынша, мектептерден кейін қабылдау жұмысы бала бақшаларда жалғасады. Сөйтіп, бірінші қыркүйекке дейін білім мекемелерінің барлығы оқушыларды қабылдап, оқу процесін жүргізуге, тәрбие жұмыстарына 100 пайыз дайын болуы міндетті.

Нұрлан Күдерұлы