Қоғамдық қордың баспанасы жетім-жесір, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, көп балалы және жалғызбасты аналарға беріледі. «Харекет» қайырымдылық қоры мұқтаж жандарға баспаналы болуға жәрдемесу мақсатында «1000 теңгеге баспана» атты акция өткізіле бастады. Қоғамдық қор жұмыс істеп бастаған 10 айда қазақстандықтар жинаған қаржыға еліміздің 23 тұрғыны баспаналы болды, деп хабарлайды Елорда Инфо.
Күні кеше аталған акцияның арқасында Астана тұрғыны Зибәгүл Қуандықова басыбайлы баспанасына қол жеткізді. Ақмола облысының Шортанды ауданында орналасқан жаңа үйдің кілтін табыстау салтанаты Әл-Ғани мешітінде өтті. Белгілі болғандай, жарты жыл бұрын жүрек талмасынан отағасы көз жұмған. Өзі бала күтіміне байланысты декреттік демалыста. Балаларының үлкені — 16 жаста, ал ең кішісі бір жастан енді асты. «Харекет» қоры туралы таныстарынан естіп білген.
«Мен Астанаға Қызылордадан 2009 жылы көшіп келдім. Содан бері бірнеше жалдамалы пәтер ауыстырдым. Әкімдіктің көпбалалы аналарға пәтер беретінін естіп, кезекке тұрдым. Бірақ кезегім әлі келген жоқ», — деді ол.
Жеті баланың анасы қалалық онкологиялық орталықта санитар болып жұмыс істейді. Асырушысынан айырылған отбасы ретінде мемлекет жәрдемақы тағайындады. Алайда, табысының басым бөлігі пәтер ақысын төлеуге кетеді.
«Маған отбасымның басыбайлы пәтері болатыны туралы хабарлағанда, қуаныштан төбем көкке жеткендей болды. Осы акцияға қатысып, біздің баспаналы болуымызға жәрдемдескен барлық азаматқа шын көңілімізбен алғыс айтамыз», — деді Зибәгүл Қуандықова.
Айта кетейік, қазан айында Қазақстанда «Харекет» қайырымдылық қоры құрылып, ел тұрғындарын «1000 теңгеге баспана» акциясына қатысуға шақырды.
Акция басталғалы бері он айдың ішінде қазақстандықтардың қордың шотына салған қаржысына 23 отбасы баспаналы болды. Баспана жетім-жесір, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, көп балалы және жалғызбасты аналарға беріледі.
«Бұл акцияның мақсаты – қазақтың ежелгі дәстүр жылу жинауды жаңғыртып, соның есебінен мұқтаж жандарға үй немесе жер телімін алып беру, үй салуына көмектесу. Ең бастысы осы бастамамызды үздіксіз садақаға айналдыру», — деді «Харекет» қорының мүшесі Мадияр Серікбев.